Мәжіліс Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заң жобасын мақұлдады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2008 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі аралықта Ұлттық ядролық орталық полигон аумағының 100 пайызын тексеріп, 2 миллионнан астам өлшеу жүргізді және топырақтың 5000-ға жуық үлгісіне талдау жасады. Биыл тексеру материалдары мемлекеттік экологиялық сараптамаға жіберілетін болады, содан кейін полигонның шартты таза және нормативтен тыс ластанған жерлерінің шекаралары айқындалатын болады. Олардың болжамды ауданы сәйкесінше 8900 км2 және 9400 км2 құрайды. Бұған дейін айтылғандай, ластанған жерлерді тиімді басқару мақсатында олардың аумағында Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру ұсынылады», - деді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Оның айтуынша, заң жобасында уәкілетті ұйымға құрылатын аймақтың аумағында ядролық қаруды таратпау режимін қамтамасыз ету, радиоактивті ластанған жерлерді оңалту және олардың қауіптілігін төмендету, тарихи радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу әрі радиоактивті ластану деңгейін мониторингілеу функцияларын беру ұсынылады.

Ядролық қауіпсіздік аймағының шегінде заң жобасында көзделмеген қызметті жүзеге асыруға тыйым салу енгізіледі.

Бұл радиоактивті қалдықтардың мамандандырылған аймақтан тыс жерлерге таралуына жол бермеуге және соның салдарынан халықтың сәулелену мүмкіндігін болдырмауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Семей ядролық қауіпсіздік аймағы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды.

«Негізгі заң жобасын іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында ілеспе заң жобасымен Жер және Экология кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді. Атап айтқанда, Жер кодексінің «өнеркәсіп, көлік, байланыс жері, ғарыш қызметі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік мұқтажына арналған жер және ауыл шаруашылығына арналмаған өзге де жер» санатын «ядролық қауіпсіздік аймағының жерімен» толықтыру. Бұдан басқа, қажетті құқықтық рәсімдерді бекіту үшін заң жобасы Босалқы жерді «ядролық қауіпсіздік аймағының жеріне» ауыстыру тәртібін әзірлеу мен бекітуді көздейді. Сондай-ақ ядролық қауіпсіздік аймағының жерін Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жұмыс істеуі жөніндегі уәкілетті ұйымның жер пайдалануына беру мүмкіндігі көзделеді», - деді ведомство басшысы.

Оның пайымынша, осы заң жобасын қабылдау тұтастай алғанда экология, халықтың радиациялық қауіпсіздігі мәселелеріне оң әсер етеді.

«Полигонның радиоактивті-қауіпті қалдықтарына рұқсатсыз қол жеткізу мен таралуын шектеуге мүмкіндік береді және қандай да бір құқықтық және әлеуметтік-экономикалық теріс салдардың туындауына әкеп соқпайды деп санаймыз», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бұрынғы Семей полигоны маңында ластанған және таза аумақтардың аражігі ажыратылмағандықтан, жарамды жерлердің едәуір бөлігі пайдаланусыз қалып отыр.

Атап айтқанда, заң жобасында нормативтен артық радиоактивті ластануға ұшыраған аумақтарда арнайы құқықтық режимі бар Семей ядролық қауіпсіздік аймағын (СЯҚА) құру және оларды уәкілетті ұйымға пайдалануға беру көзделеді.


Соңғы жаңалықтар