Мәжіліс сегізінші шақырылымнан бастап жаңа жүйеде жұмыс істейді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау жүйесі қайта құрылды. Бұл туралы ҚР Әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың аралас сайлау жүйесіне көшуіне байланысты сайлау өткізу жүйесі қайта жасалды. Сегізінші шақырылымнан бастап Парламент Мәжілісі жаңа жүйе бойынша жұмыс істейді. Депутаттардың бір бөлігі партиялық тізім бойынша (69), қалғаны (29) бір мандатты аумақтық округтер бойынша сайланады. Яғни депутаттардың бір бөлігі партия атынан сайланса, тағы бір бөлігін тікелей халық сайлайды деген сөз. Ал өңірлік мәслихаттардың 50%-ы мажоритарлық жүйе және 50%-ы партиялық тізім қағидаты бойынша құрылады», - деді Алма Мұқанова орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, әділет вице-министрі мәлім еткендей, депутаттық мандатты қайтарып алудың жаңа институты енгізіліп жатыр.

«Императивті мандат дегеніміз - бір мандатты округ бойынша сайланған депутат қоғамның сұранысын қанағаттандырмаса, оның мандатын қайтарып алу мүмкіндігі. Мұндағы мақсат - депутаттардың жауапкершілігін арттыру және оны сайлауалды мәлімдеген бағдарламасын іске асыруға ынталандыру. Депутат өкілеттігін тоқтатуға қатысты бірнеше әдіс бар. Атап айтқанда, кандидатты партиялық тізімнен шығару, саяси партияны тарату немесе сайлаушылардың депутат мандатын кері қайтарып алуы», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар