Мәжіліс сайлауында алғаш рет ұлттық байқаушылар аккредиттелді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Наурыздың 19 күні өтетін кезектен тыс Мәжіліс депутаттарын сайлауда алғаш рет ұлттық байқаушылар аккредиттелді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сайлау туралы» Конституциялық заңның нормаларына сәйкес, қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардан, саяси парияларды қоспағанда, ұлттық байқаушыларды аккредиттеу институты енгізілді. Ұлттық байқаушыларды аккредиттеу – бұл жалпы сайлау науқанда алғаш рет қолданылып отырған заңнама жаңалықтарының бірі», - деді Нұрлан Әбдіров комиссия отырысында.

Оның атап өтуінше, өз жарғысында сайлауды байқау құқығын растайтын қоғамдық немесе өзге де коммерциялық емес ұйымдар тиісті сайлау комиссиясында аккредиттеу рәсімінен өте алады.

«Бұл туралы біз Орталық сайлау комиссиясының отырысында сайлау процесінің барлық қатысушыларын хабардар едіп, ағымдағы сайлау науқанын байқау үшін осы мәселеге жедел кірісуге шақырған болатынбыз», - деді ол.

Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, аккредиттеу белгілі бір сайлау науқанында ғана қолданылмайды. Аккредиттеу алынған сәттен бастап 1 күнтізбелік жыл бойы қолданылады.

«Рәсімнің өзі ұйымның қызметін әділет органдарының растауын көздейді және оны өткізу мерзімі 30 күнді құрайды. Осыған байланысты ағымдағы сайлау науқаны аясында үлгермей, кейіннен аккредиттелген ұйымдар алдағы 1 жыл ішінде өтетін келесі сайлау науқандарында байқауға қатысуға мүмкіндігі бар екендігін атап айтамын», - деді ОСК төрағасы.


Соңғы жаңалықтар