Мәжіліс сайлауы: «Байтақ» партиясы мәлімдеме жариялады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жетінші сайланған Парламент Мәжілісі таратылып, 19 наурызға кезектен тыс сайлау тағайындалды. Осы ретте «Байтақ» партиясы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сонымен былтыр күзден бері ел арасында айтылып жүрген жайт ақиқатқа айналды. Мемлекет басшысы Тоқаевтың арнайы шешімімен Парламенттің Мәжілісі және барлық мәслихат жұмысын тоқтатты, яғни тарады», - деп жазады Азаматхан Әміртай әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ол кезектен тыс сайлау Жаңа Қазақстан құру жолындағы саяси реформаның бір тармағы екенін айтады. Сондай-ақ, сайлауға түсетіндіктерін мәлім етеді.

«Жаңа Қазақстанға жаңа депутаттармен, жаңа партиялардың саясатқа араласуымен барған жөн. Дұрыс қадам! Алдағы сайлау бұрынғылардан өзгерек. Қазіргі жағдайға байланысты, алдағы сайлау аралас партиялық-мажоритарлық жүйе бойынша өтпек. Сондай-ақ, Қазақстан халық ассамблеясы Мәжіліске депутаттар ұсынбайды. Сайлау додасына елімізде тіркелген жеті партия: «Аманат», «Ақ жол», Қазақстан халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, «Ауыл», «Байтақ» және «Respublica» түспек. Осы орайда, біз байтақтықтарда осы аламан бәсекеде өз бағымызды сынап, Парламентке өтуге тырыспақпыз. Рас, елімізде экология мәселесі ақсап жатыр. Жағдай сын көтермейді. Сондықтан, түйіні мол экология мәселелерін Парламент мінберінен көтермек ойдамыз», - дейді партия төрағасы.

Айта кетсек, кеше «AMANAT», «Ақ жол» және «Қазақстан халық партиясы» да үндеу жариялаған болатын. «Ауыл» мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мәлімдеме жасады.

Еске салсақ, 19 қаңтарда Мемлекет басшысы жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

Мәжіліс депутаттарын кезектен тыс сайлау 19 наурызға белгіленді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мәлімдеме жасады.

Фото: tabigat-union.kz


Соңғы жаңалықтар