Мәжіліс салық жүктемесін азайтуға бағытталған құжатты мақұлдады

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексіне және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексін қолданысқа енгізу туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірінші блок – еңбекақы қорына жүктемені азайту. Мемлекет басшысы былтырғы Қазақстан халқына Жолдауында жиынтық жүктемені азайта отырып, микробизнес және шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлемді енгізуді тапсырған болатын. Қазіргі уақытта еңбекақы қорынан мөлшерлемелері, есептеу базалары әртүрлі бірнеше төлемдер жүргізіледі. Бұл төлемдерді бір төлемге біріктіру ұсынылды. Әлеуметтік аударымдар мөлшері қызметкерлерге төленетін болашақ төлемдерге әсер ететіндіктен, жүктемені жеке табыс салығы есебінен төмендету көзделіп отыр», - деді Ә. Қуантыров.

Оның айтуынша, бірыңғай мөлшерлеме міндетті зейнетақы жарналарын енгізуді және әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесінің өсуін ескеретін болады.

«Төлемді арнаулы салық режимдеріндегі микробизнес және шағын бизнес субъектілері ерікті негізде қолданатын болады. Сома бірыңғай жиынтық төлем тетігіне ұқсас бөлінеді. Осы орайда бірыңғай төлем салықтар мен еңбекақы төлемдерін есептеуді жеңілдетіп қана қоймай, салық жүктемесін азайтуға да мүмкіндік береді», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, түзетулердің екінші блогы салалық заңнамалардағы өзгерістерге қатысты. Жеке тұлғалардың банкроттығы кезінде салық салу мәселелерін реттеу көзделген.

Бұдан бөлек ол қант өндірісін ынталандыру үшін қант құрағы импортын қосылған құн салығынан босату, сондай-ақ қант өндірушілер үшін қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктің қолданылу мерзімін ұзарту ұсынылып отырғанын айтты.

«Келесі норма тазартылған алтынды сатуға қатысты. Қазір Ұлттық банкке мұндай алтынды сату қосылған құн салығынан босатылады. Осы норманы алтынды зергерлерге де сату кезінде қолдану ұсынылады», - деп нақтылады министр.

Сонымен қатар ол азаматтық авиация саласында сертификаттар бергені үшін алымдарды алып тастау бойынша нормалар енгізілетінін, өйткені қызметтерді өзін-өзі қаржыландыратын ұйым көрсететінін айтты.

«Транзиттік әуе кемелеріне жанармай құю кезінде қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесін қолдануды кеңейту ұсынылады. Қазір жеңілдікті тек әуежайлар қолдана алады», - деді министр.

«Тіркеу функциясын «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына тапсыруды ескере отырып, азаматтық хал актілерін тіркеу үшін төлемдерді алып тастау ұсынылады. Бұдан бөлек, төлқұжаттағы парақ санына қарай Қазақстан азаматының паспортын беру үшін мемлекеттік баждың сараланған мөлшерлемелері, сондай-ақ балалар үшін мемлекеттік бажды 2 есеге төмендету ұсынылады», - деді Ә. Қуантыров.


Соңғы жаңалықтар