Мәжіліс прокурордың қаулысын орындамағаны үшін жауаптылықты белгілейтін құжатты мақұлдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы:

- қабылдаушы тараптың жұмыскерлерімен салыстырғанда жіберуші тараптың жұмыскерлеріне қатысты кемсітушілік үшін қабылдаушы тараптың әкімшілік жауаптылығын белгілеуге;

- алауларда және стационарлық көздерде газды жағудан ластағыш заттардың шығарындылары үшін айыппұлды есептеу кезінде кемсітушілік тәсілді жоюға;

- мемлекеттік бақылау нәтижелері бойынша анықталған құқық бұзушылықтар үшін тұлғаларды әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін ескіру мерзімін ұлғайтуға;

- құқық қолдану практикасының қауіпті өндірістік объектілерге заңсыз кіруге және пайдалы қазбаларды заңсыз өндіруге байланысты проблемаларын шешуге;

- прокурордың қаулысын орындамағаны үшін жауаптылықты белгілеуге бағытталған.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мәліметінше, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңында «жіберуші тарап», «қабылдаушы тарап» деген жаңа ұғымдар енгізілгеніне, сондай-ақ олардың құқықтары мен міндеттері бекітілгеніне байланысты жұмыскерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін тараптардың сақтамағаны үшін әкімшілік жауаптылық шараларын көздеу ұсынылады.

Персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге шарт жасасу кезінде де, оның қолданылу кезеңінде де жіберуші тарапты тәртіпке келтіретін әкімшілік жауаптылықты белгілеу ұсынылады. Аталған шара жіберуші тарап жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу бойынша қабылдаушы тараптың жұмыскерлерімен салыстырғанда ұқсас лауазымы, тиісті біліктілігі, мамандығы немесе кәсібі, сондай-ақ еңбек жағдайлары және сол жұмыс көлемі бойынша кемсітушілікті болғызбауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ қарыздық еңбек жұмыскерлерінің (жіберуші тараптың) заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында жіберуші тараптың жұмыскерлері үшін Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген жұмыс уақыты мен күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) қалыпты және қысқартылған ұзақтығын заңсыз асырғаны үшін қабылдаушы тараптың әкімшілік жауаптылығын белгілеу ұсынылады.

Жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау және қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау нәтижелері бойынша анықталған құқық бұзушылықтар үшін тұлғаларды әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін ескіру мерзімін бір жылға дейін ұлғайту, сондай-ақ прокурор қаулысын орындамағаны үшін жауаптылықты белгілеу ұсынылады.

Прокурордың қаулысын орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылықты белгілеу, ең алдымен, кәсіпкерлерді мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғауға бағытталған. Ұсынылып отырған құрал прокурорлық қадағалаудың пәрменді және тиімді құралдарының біріне айналады және кәсіпкерлерді қорғаудың деңгейін арттырады.

Бұдан бұрын хабарланғандай , биыл 2 маусымда Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлданды.



Соңғы жаңалықтар