Мәжіліс өсімдіктерді қорғауға қатысты құжатты мақұлдады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған заң жобасы бірінші оқылымда 2021 жылғы 15 маусымда мақұлданған болатын.

Оның негізгі мақсаты - өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және оның барлық алуан түрін пайдалану саласындағы қатынастарды реттеуді қамтамасыз ету.

«Сонымен қоса өсімдіктердің жабайы өсетін түрлерінің табиғи әртүрлілігі мен гендік қорын сақтау, оларды тиімді пайдалану үшін құқықтық негіз жасау ескерілген. Заң жобасында бірқатар негізгі ұғымдар мен терминдер нақтыланды немесе жаңа редакцияда жазылды. Өсімдіктер дүниесіне меншік құқығын көздейтін жаңа нормалар «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2022 жылғы 8 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкестендірілді. Жұмыс тобының мүшелері өсімдіктер дүниесін пайдаланудың ортақ пайдалану және арнайы пайдалану тәртібіндегі түрлерін көздейтін түзетулерін қолдады. Жеке және заңды тұлғалардың, оның ішінде өсімдіктер дүниесін арнайы пайдалануды жүзеге асыратын тұлғалардың құқықтары мен міндеттері көзделген, мемлекеттік органдардың өкілеттіктері нақтыланды», - деді депутат Елдос Абақанов.

Оның айтуынша, жабайы өсетін жемістерді, саңырауқұлақтарды, жидектерді, дәрілік шикізатты және өзге де өсімдіктер ресурстарын жеке тұлғалар өтеусіз және рұқсат құжаттарсыз пайдалана алады.

«Өсімдіктердің әртүрлілігін сақтау мақсатында ресурстық зерттеу негізінде айқындалатын өсімдіктер ресурстарын пайдалану лимиттерін белгілейтін түзету қарастырылды. Өсімдіктер ресурстарының қорларына ресурстық зерттеу жүргізетін мамандандырылған ұйымдарды міндетті аккредитациялау ескерілді. Сонымен қатар, өсімдіктерді интродукциялау және жерсіндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін алдын ала хабарландыру тәртібі белгіленді. Депутаттар жергілікті атқарушы органдардың жасыл екпелерді күтіп-баптау, түгендеу жүргізуді қамтамасыз ету, жасыл екпелердің тізілімі мен есебін жүргізу және олардың жай-күйіне мониторинг жүргізу жөніндегі өкілеттіктерін кеңейтуге бағытталған түзетулер енгізді. Заң жобасының бірқатар нормасы Қазақстан Республикасының өсімдіктер дүниесі саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды енгізуге, сондай-ақ бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру түрлерін және оларды жүзеге асыру тәртібін нақтылауға бағытталған», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар