Мәжіліс мүлікті жариялауға рақымшылық туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Еске салайық, құжат Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген.

Құжатқа сәкес, жария ету нысандарына бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлестері, құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкес келетін құрылыстар мен ғимараттар, тиесілі емес тұлғаға рәсімделген құрылыстар, сонымен қатар, Қазақстаннан тысқары аумақтардағы жылжымайтын мүліктер жатады. «Дегенмен, жекелеген қылмыстарды жасау нәтижесінде алынған мүліктер жария етуге (заңдастыруға) жатпайды. Мәселен, жеке адамға қарсы және адамның конституциялық және басқа да құқықтары мен бостандықтарын бұза отырып алынған мүліктер, конституциялық құрылым мен мемлекеттік қауіпсіздікке қарсы қылмыстық жолмен алынған кірістер, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық және басқа да құқық бұзушылық пен мемлекеттік қызмет мүддесіне қайшы қылмыстар жасау бойынша алынған мүліктер рақымшылыққа жатпайды», - дейді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Оның айтуынша, жария ету негізінен елдің экономикалық айналымына қосымша қаржы қаражаты мен мүліктерді тарту мақсатын көздейді. Бұл ретте заңдастырылған қаражат пен мүліктер салық салу мақсаттары үшін табыс ретінде қарастырылмайды, соған сәйкес оларға табыс салығы да салынбайтын болады. Бұдан бөлек, жария етілген мүлік субъектілері қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.

Сонымен қатар, заң жобасымен жария етудің тетіктері мен құралдары да айқындалып отыр. Атап айтқанда, қаражат пен мүлікке рақымшылық бойынша біріншіден жария етілген қаражаттарды екінші деңгейлі банктерден ашылған арнайы жинақ шоттарына аударуға болады. Аталған қаражатты оның иелері екінші деңгейлі банктерде ашылған жоғарыда айтып өткен шоттарда бес жыл бойы сақтауға және сол арқылы нарықтық ставкаларға сәйкес, сыйақылар ала алады.

«Екіншіден, қаражатты мерзімінен бұрын пайдалануды көздейтіндер мемлекеттік бағалы қағаздарды, екінші деңгейлі банктердегі, ұлттық басқарушы холдингтер мен даму институттарының облигацияларын, «Халықтық ІРО» бағдарламасы аясында сатылатын және Қазақстан қор нарығына шығарылатын бағалы қағаздар мен акцияларды иелену жолымен экономикаға тікелей инвестициялай алады», - дейді Б. Сұлтанов.

Бұдан бөлек, рақымшылық арқылы заңдастырған қаражаттарды жекешелендірудің екінші толқыны аясындағы нысандарды сатып алуға жұмсауға да мүмкіндік туады.

«Егер азаматтар өздерінің рақымшылық аясында заңдастырған қаражаттарын жоғарыдағы инвестициялау механизмдеріне пайдаланғысы келмесе, онда олар өз қаражатын қалауынша жұмсай алады. Дегенмен, оларға осындай қаражатты төлеу барысында екінші деңгейлі банктер жария етілетін қаражаттың жалпы сомасынан 10 пайызы мөлшерін ұстап қалатын болады», - дейді министр.

Тоқтала кететін жайт, бұған дейін де белгілі болғанындай, мүліктерді жария ету мерзiмi 2014 жылғы 1 қыркүйектен 2015 жылғы 31 желтоқсан аралығында айқындалған болатын.

Соңғы жаңалықтар