Мәжіліс меншік иелерінің құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілікті нақтылайтын құжатты мақұлдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, шарттық міндеттемелерді қорғауды кепілдендіру және оларды бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Аталған құжат бойынша мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың заңсыз актілер шығаруы нәтижесінде меншік иелерінің құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілікті нақтылау ұсынылады. Бұл ретте меншік иелеріне келтірілген шығындар мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның кінәлі, кінәсіздігіне қарамастан өтелетін болады әрі бұл сот шешімі арқылы жүзеге асады. Бұдан бөлек, заң жобасында кепілзатпен қамтамасыз етілген міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындау және кепілге салынған мүлікке өндіріп алуды қолдану туралы нормаларды екіұдай түсінуді болғызбау қарастырылады.

Сонымен бірге, заң жобасымен нақты жылжымайтын мүлік нысаны бойынша ақпаратты құқық иеленушінің келісімімен өзге де тұлғалардың сұрау салуына орай беруге болатын тұлғалардың түбегейлі тобы айқындалады. Жалпы алғанда заң жобасында ұсынылып отырған ережелер меншік иесінің құқығын және шарттық міндеттемелерді қорғау институтын одан әрі нығайтуға ықпал ететін болады.

Соңғы жаңалықтар