Мәжіліс медициналық бұйымдарға қатысты заң жобасын мақұлдады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжілісте «2014 жылғы 23 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде медициналық бұйымдар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңы жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ нарығында медициналық бұйымдардың айналысын реттеу тиісті келісімге сәйкес жүзеге асырылады.

«Бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі осы одақ шеңберінде медициналық бұйымдар айналысының бірыңғай қағидалары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы 4 хаттаманы мақұлдады. Ратификациялау мақсатында сіздерге қарау үшін №1,2 хаттама енгізіліп отыр. Қалған екеуі елішілік келісумен қол қою кезеңінде. Қаралып отырған бірінші хаттаманы ратификацилау жобасы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде медициналық бұйымдарды қайта тіркеуді қажет етпейді. Ұлттық рәсім бойынша берілген мерзімсіз тіркеу куәліктері бар медициналық бұйымдарға ҚР аумағында айналымын жалғастыра беруге мүмкіндік береді», - деді министр Мәжілістің бүгінгі отырысында.

Заңнама бойынша 10 мыңнан астам медициналық бұйым тіркелген, оларды Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қайта тіркеудің қажеті жоқ.

«Қаралып отырған екінші хаттаманы ратификациялау жобасы ұлттық тіркеуді 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартуға, ұлттық заңнама бойынша жаңа медициналық бұйымдарды тіркеуге мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін медициналық бұйымдарды ұлттық тіркеуді ұзарту шарасы Еуразиялық экономикалық одаққа және мүше мемлекеттердің медициналық ұйымдарының, өндірушілердің толық дайын болуы үшін жеткіліксіз болғанын атап өткен жөн. Соған байланысты бизнес қауымдастықпен бірге, оның ішінде отандық медициналық бұйымдар өндірушілермен бірлесіп, ратификацияға дейін ұлттық тіркеуді 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартуға мүмкіндік беретін төртінші хаттама қаралды», - деді А. Ғиният.

Хаттамаларда баяндалған ұсыныстарды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше 5 мемлекет сарапшыларының деңгейінде, жұмыс топтарында талқыланып, Еуразиялық экономикалық алқасымен кеңесінде қаралып, қолдау тапты.

«ҚР нарығында медициналық бұйымдар тапшылығының туындауына жол бермеу үшін осы хаттамаларды ратификациялауды қолдауды сұраймыз», деді Денсаулық сақтау министрі.


Соңғы жаңалықтар