Мәжіліс мақта саласын дамытуға бағытталған заң жобасы бойынша Сенатқа келісім білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мақта саласын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер қаралды. Ол бойынша Мәжіліс депутаттары сенаторлар түзетуіне келісім берді. Осылайша, Парламент аталған құжатты қабылдап отыр. Енді заң жобасы Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған заң жобасы негізінен еліміздің мақта саласын дамытуға бағытталады. Атап айтқанда, мұнда біріншіден, мемлекеттiк басқару деңгейлерi арасындағы өкiлеттiктердiң аражiгiн ажырату және мақта өңдеу ұйымдарын уақытша басқаруды енгiзу, ұзарту және тоқтата тұру мәселелерi бойынша өкiлеттiктердi сотқа беру кезiнде туындаған коллизиялары жойылады. Екіншіден, заң бұзушылыққа жағдай жасайтын шарттарды жою мақсатында мақта өңдеу ұйымына уақытша басқаруды енгізуді уәкілетті орган ұйымына емес, сот шешімімен енгізу көзделеді. Үшіншіден, мақта нарығына қатысушылар қатарына «мақта дайындау ұйымы» деген ұғым енгізу қарастырылған. Бұл ретте аталмыш ұйым арқылы шитті мақта сатып алушылардың мақта нарығына қатысуына жағдайлар жасалады.

Тұтастай алғанда, заң жобасында мақта өңдеу ұйымдарының кәспкерлiк қызметтi жүзеге асыруына қойылған барлық шектеулердi алып тастау ұсынылып отыр. Бұл оларға мақташылардың қажеттiлiгiне, мақта өндiрiсi жұмыстарының маусымдылығына ден қоюда икемдiлiктi қамтамасыз етеді.

Сенат Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына бес позициядан тұратын өзгерістер енгізген болатын. Төменгі палата депутаттары бұған өз келісімдерін беріп отыр.

Соңғы жаңалықтар