Мәжіліс квазимемлекеттік сектордағы жемқорлыққа тосқауыл қоятын құжатты мақұлдады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған және жүйелі түрде сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу жөніндегі нормаларды көздейді.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мәліметінше, заң жобасында мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар, олардың жұбайлары (зайыптары) шығыстарының кірістеріне сәйкестігіне бақылау енгізіледі әрі фискалдық және мансаптық санкциялар белгіленеді. Мұндай санкциялар айтарлықтай алшақтықтар үшін ғана қолданылатын болады. Мәселен, егер шығыстар мен кірістер алшақтығының сомасы ең төмен есептік көрсеткіштің мың еселенген мөлшерінен асып кетсе, мемлекеттік қызметшіге алшақтық сомасының 90 пайызы мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады. Егер шығыстар мен кірістер алшақтығының сомасы мемлекеттік қызметшінің жылдық кірісінен асып кетсе, онда ол теріс себептер бойынша мемлекеттік қызметтен босатылуға жатады.

Бұл ретте әрбір жағдайда адамға шығыстарының заңдылығын дәлелдеу мүмкіндігі берілетін болады. Аталған жаңалықтарды халықты жалпыға бірдей декларациялаумен толық ауқымды қамтуды ескере отырып, 2027 жылдан бастап қолданысқа енгізу жоспарланып отыр. Өйткені 2025 жылы өз кірістерінің мөлшері туралы республиканың барлық азаматтары есеп береді, ал 2026 жылдан бастап олардың шығыстарын кірістерімен салыстыру процесі басталады.

Түзетулердің екінші блогы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды қорғау жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Жұмыс тобы аясында заң жобасын талқылау кезінде депутаттар тобы мынадай бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Мемлекеттік қорғауға жататын адамдарға қатысты қолданылатын қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтерді жария еткені үшін қылмыстық жауаптылықты белгілеу туралы норма нақтыланды.

Мұнымен қоса, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде мемлекеттік қызметке теңестірілген функцияларды орындаумен байланысты қызметті жүзеге асыратын адамдар үшін кәсіпкерлік және өзге де ақы төленетін қызметпен айналысуға тыйым салуды енгізу жөнінде түзету жасалды. Сондай-ақ, квазимемлекеттік сектор субъектісінің басқару органдарында жақын туыстарының, жұбайларының (зайыптарының) және жекжаттарының лауазымдарға орналасуына тыйым салу ұсынылды.


Соңғы жаңалықтар