Мәжіліс комитетінің көшпелі отырысы Сыр өңірінде өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы заңдарының іске асырылу барысымен танысу мақсатындағы Парламент Мәжілісі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің көшпелі отырысы Қызылорда облысында болып өтті.

Комитет төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетовтің жетекшілігімен өткен жиынға аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев, облыстық мәслихат төрағасы Бекмырза Еламанов пен Үкімет тарапынан өкілдер қатысты. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарлады.

Жиын барысында Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов Қызылорда облысында ауылдық жерлерде жергілікті өзін-өзі басқарудың жұмыс істеуінің үлкен оң тәжірибесі бар екенін және экономиканың тұрақты даму үрдісі сақталып отырғанын атап өтті. Бұдан бөлек, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерін, алдағы жоспарлар мен жүзеге асырылып жатқан жобаларды, оның ішінде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және ауыл әкімдерінің барлық өкілеттіктерін іске асыру мәселелерін баяндады.

Көшпелі отырыстың нәтижесінде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі дамыту үшін қолайлы құқықтық және экономикалық жағдай жасау бойынша Комитеттің, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, биліктің өкілетті органының және бизнес-қоғамдастықтың алдағы уақытта тығыз әрі сындарлы жұмысы жанданатыны аталып өтілді.

Бұдан бөлек, аймаққа сапарлары аясында Сейітсұлтан Әйімбетов бастаған депутаттар Асхат Бекенов, Талғат Ерғалиев, Әмірхан Рақымжанов, Айгүл Соловьева, Надежда Нестерова Ақсуат ауылының тыныс-тіршілігімен танысты. Алдымен мұндағы тағзым ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жаңадан ашылған ауылдық клубтың жұмысымен танысты. Одан соң өткен жылы іске қосылған жол төсенділерін шығаратын шағын зауытта болды.

Халық қалаулылары жарамсыз шинаны өңдеумен айналысатын «Smart Rubber» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне де барды. Бұл инновациялық жобаның экологиялық тұрғыдан тигізер пайдасы көп. Қазақстан мен Германияның бірлескен кәсіпорны жылына 2,5 мың тонна шина қабылдап, одан 1,5 мың тонна резеңке ұнтағын шығарады. Өнім терең өңделіп, жасанды футбол алаңдарының беткі қабаты өндіріледі. Алдағы уақытта өңірде салынатын ойын алаңдарында осы өнім қолданылады деп жоспарланған. Сондай-ақ мұнда жол құрылысына қажетті белсенді ұнтақ шығарылады. Битуммен араласқан бұл ұнтақ асфальттің сапасын жақсартады. Ал «ҚазРоссИнновация» мекемесі ауызсуды сүзгіден өткізетін қондырғыны құрастырумен айналысуда. Депутаттар инновациялық жобалардың ауылдық жерлерде көбейіп жатқандығына назар аударды. «Өзін-өзі басқару заңы өткен жылы қабылданғанын білесіздер. Соның өңірлерде жүзеге асу барысымен танысып жатырмыз. Тағы бір айта кетерлігі, Қызылордада облыс орталығынан бөлек, шалғайдағы ауылдарда кәсіпкерлік саласы жанданып келеді екен. Бұл жұмыссыздықты жойып, халықтың жағдайының жақсарып келе жатқандығының айқын көрінісі», - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сейітсұлтан Әйімбетов.

Сондай-ақ халық қалаулылары кеше ғана үш елдің басшысы қол қойған Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісім отандық өнімді өзгелерге өткізуге мүмкіндік туғызатынын атап өтті.

Сапар аясында халық қалаулылары 31 мамыр күні саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шарасына қатысып, Қызылорда қаласының орталығындағы қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл қойды.

Соңғы жаңалықтар