Мәжіліс комитеті терроризмге қарсы іс-қимылға бағытталған заң жобасын талқылады

None
None
АСТАНА. Қазанның 6-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы өтті.

Онда комитет мүшелері «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған заң жобасы 2007-2011 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы ережелерін орындау мақсатында әзірленген. «2001 жылғы 11-қыркүйек оқиғасынан кейін халықаралық терроризм ғаламдық қауіп-қатерге айналды. Осы қауіпке ұлттық баға берумен күресу тәсілдері түбегейлі өзгерістерге ұшырап отыр. Қазақстан да мұндай үрдістен шеттеп қалмайды. Осыған орай, қаралып отырған заң жобасы еліміздің қолданыстағы заңнамаларын халықаралық тәжірибеге сәйкес келтіру, терроризмге қарсы іс-қимылдың анық қағидаларын қалыптастыруға бағытталып отыр», деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Әділ Шаяхметов. Оның айтуынша, құжат терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы республикалық, халықаралық міндеттемелерді іске асыруға, ұлттық заңнаманы үйлестіруге және бірізге келтіруге бағытталады. Бұдан басқа, осындай қауіпке қарсы тұрудың құқықтық негіздерін жетілдіріп, терроризммен күресудің тиімді мемлекеттік жүйесін оңтайландыру шаралары көзделеді. «Заң жобасы терроризмнің алдын алуға және күресуге, сондай-ақ оның салдарын жою мен барынша азайтуға бағытталған кешенді құқықтық және ұйымдастырушылық шараларды қамтып отыр. Сонымен бірге, заң жобасындағы өзгерістерге сәйкес терроризмге қарсы операциялардың құқықтық тәртібі белгіленеді. Құжат бойынша Президенттің және Үкіметтің өкілеттілігі, терроризмге қарсы іс-қимылды үйлестіру жөніндегі уәкілетті органның қызметі мен міндеті анықталады», деді Ә. Шаяхметов.

Заң жобасы палатаның жалпы отырысына шығарылатын болды.  

Соңғы жаңалықтар