Мәжіліс комитеті энергия үнемдеу туралы заң жобасын талқылады

None
None
АСТАНА. Қазанның 6-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Энергия үнемдеу туралы» заң жобасы талқыланды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған заң жобасы «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын одан әрі іске асыру жөніндегі шаралар туралы» ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес әзірленген.

Заң жобасы өнімнің энергия сыйымдылығын азайту, отын-энергетика кешенінің экономикалық тиімділігі мен жұмыс істеу сенімділігін арттыруды көздейді әрі бұл бағытта энергия үнемдеу саласындағы нормалар жетілдірілетін болады. Бұдан басқа, құжат бойынша энергия үнемдейтін өнім өндірушілер мен отын-энергетика ресурстарын тұтынушылардың, энергиялық тексерулерге қатысушылардың - тексерілетін үй-жайдың кәсіби ұйымы мен заңды тұлғасының құқықтары мен міндеттері заңнамалық тұрғыдан бекітіледі.

Заң аясында қамтылатын шаралар еліміздің отын-энергетика ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруды, сондай-ақ республиканы энергиямен қамтамасыз етуде мемлекеттік реттеу рөлін күшейтуді қарастыратын болады. Энергия үнемдеу жүйесін тұрақты дамыту шаралары да құжатта көзделіп отыр, бұндай әрекеттер сайып келгенде Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.  

Заң жобасы палатаның жалпы отырысына шығарылатын болып келісілді.

Соңғы жаңалықтар