Мәжіліс: Кеден қызметтерінің Біріккен алқасы туралы шартқа түзетулер енгізілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2011 жылғы 22 маусымдағы Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің Біріккен алқасы туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеден қызметтері Біріккен алқасының негізгі міндеттері: кеден қызметтерінің өзара іс-қимылдарын үйлестіру, өз құзыреті шегінде кеден заңнамасының біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету, кеден ісі мәселелері бойынша бірыңғай құқықтық базаны қалыптастыруға қатысу.

«Өздеріңізге белгілі, 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕАЭО-ны құру туралы шарт күшіне енді. 2017 жылы одақтың жаңа Кеден кодексі қабылданды. Осы өзгерістер кеден қызметтерінің біріккен алқасының шартына түзетулер енгізуге негіз болып отыр. Хаттамаға 2019 жылы тамызда үкімет басшылары қол қойды», - деді Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Хаттамада келесі мәселелер көзделген:

Біріншіден, мүше мемлекеттердің Орталық кеден органдары анықталды. Қазақстанда - бұл Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті.

Екіншіден, Біріккен алқаның бірқатар функциялары Еуразиялық экономикалық комиссияға берілуіне байланысты алынып тасталды.

Үшіншіден, кедендік әкелу баждарын есепке алу және бөлу жөніндегі келісілген қағидалардың қолданылуын қамтамасыз ету бөлігінде Біріккен алқаның құқықтары алынып тасталды.

Төртіншіден, шарттың ережелері Одақ туралы шарт пен Одақтың Кеден кодексінің терминологиясына сәйкес келтірілді.

«Атап айтсақ, «Кеден одағы» деген сөз «Еуразиялық экономикалық одақ» деп, «кеден қызметтері» деген сөз «кеден органдары» деп өзгертілді. Хаттаманы ратификациялау біздің еліміз үшін әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды және мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлуді талап етпейді», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар