Мәжіліс Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери ынтымақтастық туралы құжатты мақұлдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери ынтымақтастық туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған шарт 2020 жылғы 16 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында жасалды. Бұл құжат ратификацияланғаннан кейін 1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери ынтымақтастық туралы қолданыстағы шарт өз күшін жояды.

«Шартқа екі мемлекет арасындағы әскери ынтымақтастықты жандандырып, оны одан әрі дамыту мақсатында қол қойылғанын атап өткен жөн. Бұл ретте 1994 жылғы жасалған шарттың ережелері уақыт болмысына қарай ескірген, сондай-ақ олар іске асырылған. Құжатты ратификациялау қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүддесінде әскерлерді (күштерді) қолдануды бірлесіп жоспарлау және өңірлік қауіпсіздікке төнетін сын-қатерге бірлесіп қарсы әрекет ету, сондай-ақ халықаралық ұйым, мәдениет, спорт аясында өзара әрекеттесу және басқа бағыттарда әскери ынтымақтастық жасауға мүмкіндік береді. Ресей Қазақстанның стратегиялық әріптесі», - деді Қорғаныс министрінің орынбасары Дарын Тұяқов.

Оның айтуынша, шартты ратификациялау мемлекеттердің қорғаныс қабілетін нығайту, қазіргі заманғы сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл жасау бойынша үйлесімді әрекет етуді ұйымдастыру бағытында бірлесіп жұмыс істеуге қосымша серпін береді.


Соңғы жаңалықтар