Мәжіліс Қазақстан мен Ресей арасында мұнайды бөлетін құжатты мақұлдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы «Түймазы-Омбы-Новосібір-2» және «Омбы-Павлодар» құбырларындағы технологиялық мұнайдың мәртебесін айқындау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«КСРО-ның кезінде еліміздің магистральдық мұнай құбырлар желісі бірыңғай жүйеде болатын. Бірақ кеңес үкіметі тарағаннан кейін құбырлар әр мемлекеттің аумақтық қағидаты бойынша бөлініп кеткен еді. Алайда «Туймазы-Омбы-Новосібір-2» (ТОН-2) мұнай құбырының Қазақстан бөлігіндегі 62 048 тонна технологиялық мұнайдың меншік құқығы айқындалмай қалған. Сонымен қатар, «Омбы-Павлодар» құбырының ресейлік учаскесінде 141 728 тонна технологиялық мұнайдың меншігі де шешілмеген еді. Бірақ аталған мұнай аумақтық қағидатқа нақты тапсырылмаса да, Ресейдің «Транснефть» жария акционерлік қоғамымен қазақстандық «ҚазТрансОйл» компаниясының балансына берілген болатын», - деді Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

Оның сөзіне қарағанда, «Омбы-Павлодар» құбырының ресейлік учаскесіндегі 141 728 тонна мұнай шын мәнінде «ҚазТрансОйл» АҚ балансында, ал ТОН-2 құбырының Қазақстан аумағындағы 62 мың тоннасы «Транснефть» қарамағында.

«2017 жылдың 9 қарашасында жасалған Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің арасындағы ТОН-2 және «Омбы-Павлодар» магистральдық мұнай құбырындағы технологиялық мұнайдың мәртебесін айқындау туралы келісім екі ел арасындағы көп жылдық жұмыстың нәтижесі», - деп тоқталды Қ. Бозымбаев.

Технологиялық мұнайды қайтаруда рәсімдерді жеңілдету мақсатында аталған келісіммен: біріншіден, Қазақстан аумағында орналасқан ТОН-2 магистральдық мұнай құбырындағы 62 048 тонна «ҚазТрансОйл» АҚ-ға тиесілі; екіншіден, Ресей учаскесінде жатқан «Омбы-Павлодар» құбырындағы мұнайдың дәл сол көлемі (62 048 тонна) «Транснефть-Уралға» тиесілі болады; үшіншіден, ресейлік учаскедегі «Омбы-Павлодар» құбырындағы мұнайдың 79 680 тоннасы «ҚазТрансОйл» меншігіне бекітілген.

«Сонымен қатар, келісім күшіне енген күннен бастап, қос тарап 10 ай ішінде «ҚазТрансОйл» АҚ-ға тиесілі 79 670 тонна мұнайды құбыр арқылы Ресей аумағынан Қазақстанға бірнеше партиямен жөнелтуі қажет. Осылайша, бұл келісім құбырлардағы мұнайдың аталған ұйымдарға тиесілі екендігін заңды түрде айқындайды», - деді ведомство басшысы.

Соңғы жаңалықтар