Мәжіліс Қауіпсіздік Кеңесі туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» Заң жобасы «Қазақстан Республикасының Президентi туралы» Конституциялық заңының отыз үшінші бабына сәйкес әзірленді. Заң жобасы ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің құқықтық мәртебесiн, құзыретін және қызметінің ұйымдастырылуын айқындайды. Осылайша, Қауіпсіздік Кеңесін үйлестіруші конституциялық орган ретінде тану ұсынылады», - деді ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев.

Жалпы, заң жобасы үш тараудан тұрады. Бiрiншi тарау Қауiпсiздiк Кеңесiнiң құқықтық мәртебесiн, қызметiнiң негiздерiн, мiндеттерi мен функцияларын айқындайды.

«Қауіпсіздік Кеңесінің міндеттеріне: елдің ұлттық қауіпсіздігін, қорғаныс қабілетілігін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясаттың бағыттарын қарау; сол бағыттар бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіру жатады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының шешімдеріне сәйкес, басқа да міндеттер қарастырылады», - деді М. Бекетаев.

Ал екінші тарау Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын, оның Төрағасы мен мүшелерінің өкілеттігін, Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін белгілейді.

Атап айтқанда, келесі өкілеттіктерді бекіту ұсынылады:

- Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін басқаруды жүзеге асыру;  оның отырыстары мен жедел кеңестерін шақыру; Қауіпсіздік Кеңесі туралы ережені бекіту;  заңнамада көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін ақпараттық-талдамалық және ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз етуді Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасына бағынатын және есеп беретін Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты жүзеге асырады.

«Үшінші тарау Қауіпсіздік Кеңесі мен Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының қызметін қаржыландыру мәселелерін, сондай-ақ заңның күшіне ену тәртібін реттейді. Қауіпсіздік Кеңесіне және Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратына арналған шығыстар заңнамада белгіленген тәртіппен республикалық бюджеттен қаржыландырылады», - деп түйді сөзін Марат Бекетаев.

Соңғы жаңалықтар