Мәжіліс қаржы пирамидаларының қызметіне тыйым салатын заң жобасын қарайды

None
None
АСТАНА. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палата Бюросының отырысы болып өтті. Онда алдағы аптада өтетін жалпы отырыстың күн тәртібі белгіленді. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.

Бюро бекіткен күн тәртібіне сәйкес, палата қарауына қаржы (инвестициялық) пирамидалары қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер бірінші оқылымда ұсынылып отыр. Сонымен бірге, депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына конституциялық мерзімдерді есептеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасын талқылайтын болады.

Мәжілістің жалпы отырысына сондай-ақ, Қазақстан мен Ресей Федерациясының Үкіметтері арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасында бірлескен бақылауды жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастық туралы және Қазақстан Республикасы мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімдерді («Шымкент - Ташкент» жолының учаскесін реконструкциялау) ратификациялауды қарастыратын заң жобалары ұсынылып отыр.

Сонымен бірге, депутаттар көлік мәселелеріне (екінші оқылым), мемлекеттік-жеке-меншік әріптестіктің жаңа нысандарын енгізу және қолданылу аясын кеңейту (екінші оқылым) мәселелеріне қатысты заң жобаларын қарап, Қазақстан мен Румыния арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мерзімін белгілейтін болады.

Соңғы жаңалықтар