Мәжіліс қаржы мониторингіне жататын субъектілер тізбесін кеңейтуге бағытталған құжатты мақұлдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы бойынша қаржы мониторингілеріне жататын субъектілер тізбесі кеңейтіледі. Сонымен қатар халықаралық стандарттарға сәйкес, Қазақстан қаржылық қызмет көрсететін барлық тұлғаларды қаржылық мониторингімен қамтуы керек. Осыған байланысты қаржы мониторингі жасалатын тізімге бірқатар субъектілер енгізілгелі отыр. Атап айтқанда, біріншіден, лизинг беруші ретінде лизингтік қызметті лицензиялаусыз жүзеге асыратын тұлғалар, ломбардтар, қымбат бағалы металдар мен тастар және олардан әзірленген зергерлік бұйымдармен жасалатын операцияларды жүзеге асыратын заңды тұлғаларға мониторинг жасалады. Бұдан бөлек, жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату кезіндегі делдалдық қызмет көрсететін тұлғалар, төлем қабылдау жөніндегі операторлар да бақылауға жатады.

Айта кетерлігі, қолданыстағы заңға сәйкес, қазіргі кезде 12 субъектісі қаржы мониторингісіне енгізілген. Бұдан бөлек, заң жобасымен қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырудың және терроризмді қаржыландырудың алдын алу тәсілдері жетілдіріледі. Тұтастай алғанда, қабылданған шаралар көлеңкелі экономиканың көлемін кемітуге, сыбайлас жемқорлық қылмыстардың жолын кесуге, сонымен бірге Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Сенатқа жолданады.

Соңғы жаңалықтар