Мәжіліс қарыз еңбекті реттеу мәселесі бойынша өзгерістерді мақұлдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қарыздық еңбекті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Парламентінің бір топ депутаты бастамашылық жасаған заң жобасы қарыздық еңбек саласын құқықтық реттеудің болмауына байланысты азаматтардың Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабымен кепілдік берілген құқықтарын бұзушылықты жою және алдын алу мақсатында әзірленді.

Мәжіліс депутаты Қанат Мусиннің атап өтуінше, заң жобасының нормалары қарыздық еңбек саласында еңбек етуші азаматтарды әлеуметтік қорғауға, сондай-ақ жұмыс берушілер тарапынан олардың еңбек үшін сыйақы алу құқығы сақталуын, еңбек жағдайларын қауіпсіздік және гигиена талаптарына сәйкес қамтамасыз етуге бағытталған.

Заң жобасында ҚР Еңбек кодексіне еңбек қатынастары жүйесіндегі қарыздық еңбек саласының объектілері мен субъектілерін айқындау бөлігінде жаңа ұғымдар енгізу ұсынылады. Персоналды беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар, оның ішінде жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктері «жіберуші тарап» ретінде айқындалған, қарыздық еңбекті пайдаланатын заңды және жеке тұлғалар «қабылдаушы тарап» ретінде айқындалған.

Сондай-ақ «қабылдаушы тараптың жұмыскерлері», «персоналды беру» деген жаңа анықтамалар ұсынылады, «еңбек міндеттері», «еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға» ұғымдарына нақтылау сипатындағы өзгерістер енгізіледі.

Бұдан басқа, Еңбек кодексін: қабылдаушы және жіберуші тараптар жұмыскерінің құқықтары мен міндеттерін; қабылдаушы тарап жұмыскерлерінің негізгі жалақысынан төмен емес болып белгіленетін негізгі жалақы мөлшерін; тараптардың құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі, сондай-ақ қарыздық жұмыскердің еңбек қызметі уақытындағы жазатайым оқиғалар кезіндегі тергеп-тексеру тәртібін; персоналды беру жөніндегі қызметтерді көрсету бойынша қызметті жүзеге асыру тәртібін реттейтін нормалармен толықтыру ұсынылып отыр.

Сонымен қатар, Заң жобасында Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы», «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылады.


Соңғы жаңалықтар