Мәжіліс инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған заң жобасын мақұлдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгiн Мәжiлiстің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне инвестициялық ахуалды жетiлдiру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы бiрiншi оқылымда мақұлданды.

Құжат Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Үкіметке берген тапсырмаларын орындау мақсатында дайындалған. Атап айтқанда, Елбасы инвесторлар үшін негізгі инвестициялық келісімдер болатын жаңа ынталандыру пакетін енгізуді, инвестициялық келісімдерді мүлтіксіз орындауды, осы саладағы заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз етуді жүктеген болатын.

Осыған байланысты заң жобасы инвестициялық ахуалды жақсарту, осы бағыттағы қызметтерді ынталандыру, инвестициялық келiсiмшарттар жасау арқылы инвестициялық преференциялар ұсыну тетiгiн қамтамасыз етуге бағытталады. Бұдан бөлек, қызметтiң басым түрлерiнде инвестициялық жобаны жүзеге асыратын инвесторларға мемлекеттiк қолдау шараларын көрсету көзделеді. Инвесторлардың құжаттарды жинау мен дайындауға қатысуын азайту, сондай-ақ олардың мемлекеттiк қызметтер көрсету субъектiлерiмен тiкелей байланысын шектеу мақсатында «бір терезе» қағидасы да енгiзiледі. Сонымен бiрге инвесторлардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету мақсатында «инвестициялық омбудсмен» институты енгiзiлмек.

«Бұл ретте жасалатын келісімшарттар шеңберінде инвесторларды мемлекеттік қолдаудың қосымша шаралары, атап айтқанда, 10 жылға корпоративтік табыс салығын төлеуден босату, 10 жылға жер салығын төлеуден босату, 8 жылға жылжымайтын мүлік салығын төлеуден босату, нысан пайдалануға берілгеннен кейін мемлекет тарапынан инвесторлардың күрделі шығындарын 30 пайызға дейін өтеу қарастырылған», - дедi ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев.

Оның айтуынша, жасалған келісімшарттар шеңберінде инвесторларға инвестициялық жоба құрылысының барлық мерзімінде және объектіні пайдалануға енгізілгеннен кейін бір жыл бойы квотасыз және рұқсатсыз шетелдік жұмыс күшін тарту құқығы ұсынылады.

Соңғы жаңалықтар