Мәжіліс Елбасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің жекелеген баптарына ұсынған қарсылықтарын қабылдады

None
None
күйектің 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары ҚР Президентінің «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің жекелеген баптары бойынша қарсылықтарын қарады.

 Ол бойынша Мәжіліс Мемлекет басшысының қарсылықтарын негізді деп бағалап, оларға келісім берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған Кодекс ағымдағы жылдың маусымында Парламентте қабылданып, Елбасының қол қоюына жіберілген болатын. Алайда, Мемлекет басшысы өзінің конституциялық құқығын пайдалана отырып, Кодекстің ел Ата заңына сәйкес келмейтін жекелеген нормаларына қатысты қарсылықтарын білдіріп, Парламентке қайтарды. «Кодекстегі Үкіметтің құзіретін айқындайтын 6-шы бабы 28‑і тармақшасында «Үкімет өзге де өкілеттіктерді осы кодекске сәйкес жүзеге асырады»  деп көрсетілген. Бұл Конституцияға қайшы келеді. Осылайша, Кодекстің Парламент қабылдаған нормасы Үкіметтің құзіретін айқындау жөніндегі Мемлекет басшысының конституциялық өкілеттігін шектейді. Бұдан басқа, Кодекстің 7‑бабы,  2‑тармағында  «Уәкілетті орган Кодексте және де өзге заңдарда көрсетілген функцияларды жүзеге асырады» деп көрсетілген. Бірақ, бұл норма да Конституциялық Кеңестің қаулысына қайшы келеді», деді Елбасы қарсылығының мәтінімен таныстырған ҚР Президентінің Парламенттегі Өкілдігінің басшысы Асқар Бейсенбаев. 

Конституцияға сәйкес Мемлекет басшысының қарсылықтарын тудырған заң ережелері қайтадан талқылауға және дауыс беруге жатады.  Осыған орай, Мәжіліс депутаттары Кодекстің аталған екі бабы бойынша Елбасы ұсынған редакцияны негізді деп тауып, оларға келісім берді.

Естеріңізге сала кетейік, Кодекстің мақсаты мемлекеттің, денсаулық сақтаудың және азаматтың жауапкершілігін нақты бөлу қағидаттарына орай денсаулық сақтауда жүргізілетін реформаларды құқықтық сүйемелдеуді қамтамасыз ету болып табылады.  Онда ұлттық медицинаның мәртебесін арттыру, денсаулық сақтау саласындағы заңнаманы кодификациялау, оны халықаралық стандарттармен үйлестіру шаралары қамтылып отыр. Сондай‑ақ құжат аясында азаматтарға медициналық қызмет көрсету деңгейін жақсарту, денсаулық мәселелеріне қоғамның көзқарасын өзгерту көзделеді.

Соңғы жаңалықтар