Мәжіліс ЕАЭО-қа Қырғызстанның толыққанды мүше болуын қамтитын шартты мақұлдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы шартты, 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа және Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарға өзгерістер енгізу туралы хаттама, сондай-ақ 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Аталған келісімшартқа 2014 жылдың 23 желтоқсанында Мәскеу қаласында Қазақстан, Қырғыз, Беларусь, Ресей елдерінің президенттері қол қойған болатын. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, құжат Қырғыз Республикасының тауарлардың, капиталдың, қызметтер мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған ЕАЭО туралы шартқа толыққанды мүше болуын қамтиды. «Қырғыз Республикасының ЕАЭО қосылуы туралы келісімшарт Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ету, халқының өмір сапасын жақсарту мүддесі үшін, өткізу нарықтарын кеңейту, Еуразиялық интеграциялық бірлестіктің имиджін арттыру мүддесіне орай жағдай жасауға бағытталады. Ал Қырғыз елінің ЕАЭО-қа қосылуына байланысты Қырғызстанның ДСҰ ережелеріне сәйкес, тиісті тарифтік міндеттемелердің өзгеруіне қарай Ұйымға мүше мемлекет мүшелерімен келіссөздер жүргізеді», - деді Е.Досаев.

Министрдің сөзіне қарағанда, 2015-2017 жылдардағы қысқа мерзімді кезеңде Қазақстан мен Қырғызстан арасында тауар айналымының екі есеге жуық артуы күтіледі. «Бұл ретте қазақстандық экспорттың басымдығын астық, көмір, темір, ұн секілді тауарлар құрайды», - деді Е.Досаев.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Сенатқа жолданады.

Соңғы жаңалықтар