Мәжіліс ЕАЭО аумағындағы ақша айналымына қатысты құжатты мақұлдады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс ЕАЭО-ның кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құжаттың ресми атауы — «ЕАЭО-ның кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын немесе ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы.

Аталған Келісімге 2021 жылғы 20 шілдеде Мәскеу қаласында қол қойылды.

«Осы Келісімді әзірлеудің мақсаты - жеке тұлғалардың қолма-қол ақша қаражатын Еуразиялық экономикалық одағынан шет елге өткізу бойынша ақпарат алмасу. Келісімде кедендік Еуразиялық экономикалық одақ арқылы қолма-қол ақша қаражатын немесе ақша құралдарын өткізу кезінде өзара іс-қимыл және ақпарат алмасу тәртібі айқындалған», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Оның айтуынша, ақпарат бойынша өзара іс-қимыл ЕАЭО-ға мүше бір мемлекеттің уәкілетті, құқық қорғау және кеден органдарының екінші мүше мемлекеттің жауапты органына сұрау салулары бойынша жүзеге асырылады.

«Ақпарат алмасу жолаушылардың кедендік декларациясында және тауарлар декларациясында жеке тұлға мәлімдеген ақпаратты ұсыну арқылы жүзеге асырылады. Өзара іс-қимыл жасау тәртібінде сұрау салудың мазмұны, оны орындау мерзімдері, оған қол қоюға уәкілетті лауазымды тұлғалар, сондай-ақ сұрау салуды орындаудан бас тарту мүмкін жағдайлары ескеріледі. Келісімде өзара іс-қимыл және ақпарат алмасу аясында алынған ақпараттың құпиялылығы, оны қорғау, сақтау және жою туралы нормалар қарастырылған. Сонымен қатар, мұндай ақпарат рұқсатсыз таратылған жағдайда мүше мемлекеттер қабылдайтын шаралар қамтылады», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар