Мәжіліс Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева Дүниежүзілік банк тобының Аға вице-президенті және банктің бас консулы Сэнди Окоро мен Дүниежүзілік банктің делегациясымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шара барысында вице-спикер Қазақстан мен Дүниежүзілік банк арасындағы байланыстың жоғары деңгейде екендігіне және келесі жылы аталып өтетін Дүниежүзілік банктің 75 жылдық мерейтойына назар аударды.

Г. Исимбаева Дүниежүзілік банктің 25 жыл ішінде Қазақстанға қаржылық және техникалық көмек көрсетуде, сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыруда маңызды рөл атқарғанын атап өтті.

Осы ретте, Дүниежүзілік банк тобы 2012-2017 жылдарға арналған Қазақстанмен серіктестік стратегиясын жүзеге асыруға үлкен қолдау көрсеткенін айта керек. Дүниежүзілік банк тобы Қазақстанмен әріптестігі шеңберінде білім беру саласындағы қол жетімділік және кәсіби дағдылар, қоршаған ортаны қорғау мен сақтау, ауыл шаруашылығы саласын жаңғырту, сондай-ақ, қаржылық сауаттылық пен басқа да салаларды қамтыды.

Вице-спикер Дүниежүзілік банк тобы Қазақстан үшін өте бағалы серіктес болып қала беретінін жеткізіп, ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға ниетті екенін айтты.

Кездесу барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуына баса назар аударылды.

Сонымен қатар, Г. Исимбаева халықаралық орталықтың Орталық Азиядағы қаржы хабына айналып, аймақтарға инвестициялар тартуға ықпал ететіне сенім білдірді.

Өз кезегінде Дүниежүзілік банк тобының вице-президенті Сэнди Окоро Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, Қазақстан мен Дүниежүзілік банк тобының арасындағы ынтымақтастықты атап өтіп, Қазақстанның сенімді әріптес мемлекет екеніне тоқталды.

Кездесуге Мәжіліс депутаттарынан Гүлжан Қарақұсова мен Аманжан Жамалов қатысты. 

Соңғы жаңалықтар