Мәжіліс депуттары Түркістанның тарихи орындарын аралады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депуттары- Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшелері Түркістан облысына жасаған сапары барысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сонымен қатар, орта ғасырдағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің тарихи келбетін анықтауға және қалпына келтіруге арналған жобалармен және Түркістан қаласы аумағындағы ең көне қоныстардың бірі Күлтөбе қалашығымен танысты.

Айта кетейік, «Цифрлы Қазақстан» жобасы негізінде қорық-музейге қарасты Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Қылует жерасты мешіті, Шығыс моншасы, Гаухар ана, Укаша ата кесенесі мен құдығы, Сауран қалашығы сынды тарихи орындардың 3D тур нұсқасы дайындалып, халықаралық көрмелерде алғаш рет көрсетілгені белгілі.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген қазақтың хан-сұлтандары мен би-абыздары,батырлары мен игі жақсылары тізімі цифрлы форматта әзірленіп, тұлғалар жайында қысқаша мәліметтер үш тілде жазылды. Қ.А.Ясауи, Есім хан, Рабия Сұлтанбегім кесенелері мен Жұма мешіті музейі, Қылует жерасты мешіті музейі, Шығыс моншасы музейлеріне цифрландыру бойынша штрих код жасалды. Аталған жұмыстармен танысқан халық қалаулылары қорық-музей қорында Әмір Темір дәуірінен сақталған қасиетті тайқазан, лауһа (тудың ұшы), шырағдандар, есіктер, Қ.А.Ясауидің «Диуани хикмет» кітабының қолжазбалары мен көрмені де тамашалады.

Өңірде Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы мен қаланы түркі дүниесінің рухани астанасы ретінде таныту және тарихи орындардың төл келбетін сақтай отырып, жандандыру мақсатында бірқатар жобалар қолға алынуда. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Түркістан қаласындағы 88,7 гектар аумақта орналасқан «Хан мешіті», «Хан ордасы» және Күлтөбе қалашығы мен «Жеті ата», «Дарбаза», «Мүсәлла», «Тәкия» қақпалары толығымен қалпына келтіріліп, туристік бағытқа қосылмақ. Ағымдағы жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Қала қорғандарының орындарына археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, қайта қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асыру көзделуде. Ортағасырлық магистральдық көшелерге де қазба жұмыстары жүргізіліп, сауда-саттық орындары туристерге қызмет көрсететін болады.

Соңғы жаңалықтар