Мәжіліс депутаты заңсыз шығарылған активтерді қайтарғандардың жауапкершілігі туралы пікір білдірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева елден заңсыз шығарылған активтерді қайтарғандардың жауапкершілігі туралы журналистердің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Егер активтерді ерікті түрде қайтарса, онда тиісті шарт жасалады. Оған сәйкес активтері заңсыз деп танылған адам мүлікті қайтару міндетін орындайды. Бұл жағдайда оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтайды. Егер өз еркімен қайтарса, одан әрі қудалау болмайды. Бұл қадамдар активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісімнің шарты болады», - деді С. Имашева Мәжілісте тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Сонымен қатар, тілшілер депутаттан заңсыз шығарылған активтердің қай бөлігін қайтару межесі қалай белгіленетінін сұрады.

«Мұны депутаттардың мен Үкіметтің қатысуымен құрылатын комиссия шешеді. Мәселен, тұтас қайтару процесі жүрген кезде, жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның жағдайы нашарлауы мүмкін. Ал егер банкке қатысты болса, онда депозиттер мен капитал жаппай шығарылуы ықтимал. Бұл өз кезегінде экономикамызға одан әрі кері әсер етеді. Жалпы, мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік жағдайына елеулі түрде ықпал ететін активтер бар», - деді депутат.

Оның айтуынша, бұл мәселеге қатысты тиісті шешімді комиссия жасайды.

«Кейбір нысандардың жұмысын қазіргі иесі одан әрі жалғастыра бергені де дұрыс болады, себебі қайтару процесі кезінде экономика үшін ауыр салдар болуы мүмкін. Атап айтқанда, бұл мәселе банкке қатысты. Банкте проблема бар екені жарияланса, бірден депозиттер шағыралатыны анық. Осының салдарынан кредиторлар қаржыландыруды тоқтатса, бұл жағдай қаржы жүйеміздің тұрақсыздығына әкеледі. Бұл тұрғыда комиссия активті қайтару қадамдарын жан-жақты пысықтайды», - деді С. Имашева.

Жақында Парламент Мәжілісі заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң жобасы мен бірнеше ілеспе құжатты талқылайды.


Соңғы жаңалықтар