Мәжіліс депутаты Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының мүшкіл халіне алаңдаушылық танытты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматыдағы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасын жаңа ғимаратқа көшіру қажет. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағаметова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Қоғамды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде еліміздің тарихи мұрасын және мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға мән беріледі» деген еді. Nur Otan партиясы да мәдени құндылықтарымыздың сақталуы мен өркендеуін үнемі қолдайды. Осыған орай сауалымызға негіз болған нақты мәселе - Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының бүгінгі таңдағы мүшкіл халін айтпақпын. Бұл мекеме – мемлекеттің тарихы мен ұлт руханияты үшін аса маңызды мекеме. Бүгінде Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының Баспасөз мұрағатында алты миллионға жуық кітаптар мен газет-журналдардың міндетті данасы сақтаулы тұр. Ең көне жәдігерлердің шыққан уақыты 1890 жылдарға тиесілі», - деді Мақпал Тәжмағаметова ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдаған.

Оның дерегінше, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы Алматы қаласы, Пушкин көшесі 2-үй мекенжайында орналасқан. Ғимараттың бірінші қабатында мекеме қызметкерлері отырса, мұрағат қоры осы ғимараттың жанындағы үш қабатты үйде орналасқан шағын қоймада сақтаулы. Мұнда мұрағатпен қатар қаптаған сауда орындары, асхана мен монша да бар. Қарама-қарсы бетте жанармай бекеті жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, мұрағатқа қызметкерлер де, ізденушілер де жұмысы саябырсымайтын базар үстімен өтеді.

«Көктемде еріген су да мекеме үшін үлкен мәселе болып отыр. Мекеме қызметкерлері мұндай уақыттарда құрал-сайманын алып қар күрейді, су аққан тұстарды бекітеді. Дегенмен, ылғалды температура, сыз және бу, асхана қалдықтарына өш кемірушілердің қағаз өнімдеріне барынша кері әсерін тигізіп жатқаны айтпаса да түсінікті. Үш жыл бұрын мұрағатпен іргелес орналасқан моншадан өрт шығып, мұндағы алты миллионға жуық құнды кітаптар бір қатерден қалған. Төтенше жағдай дабыл қақса да, қам-қарекетсіз жүрміз. Мұндай немқұрайдылықпен ғасырлық тарихы бар құнды кітаптарымыздан айырылып қалуымыз мүмкін», - деді ол.

Мәжіліс депутатының атап өтуінше, Халықаралық стандарт бойынша қағаз өнімдерінің ең ұзақ сақталатын уақыты – 200 жыл. Екі ғасырдан астам уақыт аса маңызды тарихи жәдігерлерді сақтау үшін мұрағат ғимаратында қажетті техникалардың, химиялық қоспалардың, тұрақты температураны қамтамасыз ететін құрылғылардың болуы шарт. Мұрағат стандарттарына сәйкес жағдай жасалмағандықтан, мұндай апаттардың орын алуы әбден мүмкін. Бұл мәселе бұған дейін бірнеше рет көтерілгенімен, өз кезеңінде шешілмеген.

«Алматы қаласының әкімдігінен мекемені көшіруге қажетті орынның жоқтығы туралы жауап та келген. Осы мәселеге қатысты келесіні ұсынамын. Біріншіден, трихи, ғылыми, әлеуметтік, экономикалық, саяси, мәдени республикалық маңызы бар кітапханалар мен кітап палатасының жалпыға қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін, бұл мекемелердің түгелдей техникалық жағдайы реттелуі керек. Екіншіден, мемлекеттік мекемелерді, кітапханаларды және халықты библиографиялық ақпаратпен, шежіремен, анықтамалықтармен қамтамасыз ететін кітап палатасының мұрағат қорын сақтауды жіті назарда ұстау қажет. Мұрағат ісін жетілдіру, материалдық-техникалық базасын жаңғырту ісі талапқа сай жүргізілуі абзал. Сондықтан да Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы тез арада қауіпсіз жерге көшіріліп, сапалы деңгейде жұмысын жалғастыруы тиіс», - деді Мақпал Тәжмағаметова.


Соңғы жаңалықтар