Мәжіліс депутаты Отан алдындағы міндетін үздік атқарған сарбаздарды грантпен оқуға түсіру мәселесін көтерді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жастарды ынталандыру мақсатында әскердегі сарбаздарды төс белгілермен ғана емес, медальдармен марапаттауды жолға қою керек. Сонымен қатар, Отан алдындағы міндетін үздік атқарған сарбаздарға мемлекеттік гранттар арқылы жоғарғы білім алу мүмкіндігі жүзеге асса игі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Алмас Тұртаев Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында осы мәселені көтерді.

«Әскери қызмет адамзат ғұмырының ерекше және аса маңызды түрі. Тарихтың барша кезеңдерінде біздің ата-бабаларымыз өмірін әскери қызметке арнап, қолдарына қару алып, елімізді қорғауға дайын тұрған. Елін сүю, Отанын қорғау қашанда ер жігіттің парызы», - дей келе депутат Алмас Тұртаев жауынгерлік қызмет бүгінгі күні де өз маңыздылығын жоғалтпағанын атап өтті. Дегенмен, депутаттың пайымынша, елімізде кейінгі жылдары әскери қызметтің шынайы жағдайы түбегейлі түрде өзгерді. Осыған байланысты, әскери кадрлар қызметіне ынталандыруды күшейту қажеттілігі туындап отыр. Бұл ретте депутат Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі қарулы күштерінің қатарында қызмет атқарудың жастар арасында беделін арттыру керектігін айтып, оған ықпал ету түрлерінің бірі мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарды медальдармен және ерекшелік белгілерімен марапаттау болып табылатынын алға тартады. «Отан алдындағы әскери борышын өтеу - ол мақтаныш, жоғарғы абыройлы өлшем болуы тиіс. Өкінішке орай, қазір жастар арасында кейде әскери міндетін өтеушілерге әлеуметтік кемсітушілік нышандары да байқалып, мүсіркей қарайтындар да табылып жатыр. Сонымен қатар, мерзімді әскери қызметті босқа өткен уақытпен байланыстырмас үшін, оны әскери борышты табысты өткізу символдарымен, яғни ведомстволық медальдармен және үздік белгілерімен марапаттау қажет. Әскердің және әскери қызметтің жағымды мәртебесін насихаттау мақсатында, мерзімді қызметті өтейтіндердің әскерден кеудесіне медаль мен белгілер тағып қайтуы, өскелең ұрпақтың алдында әскери қызметтің беделін арттырумен қатар, өз Отанына қызметтік борышын атқарған азаматтың өзін-өзі бағалауын күшейтуіне зор ықпал жасайды», - дейді А. Тұртаев. Оның сөзіне қарағанда, қазір елімізде ведомстволық наградалар тізіміне сәйкес, мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарға тек төс белгілер ғана беріледі. Бұл белгілерге әскер қатарына шақырылған тек санаулы жастар ғана қол жеткізе алады. «Медальдарға келсек, 10 жылдан 20 жылға дейін мінсіз қызмет атқарған үшін берілетін «Мінсіз қызметі үшін» медаліне мерзімді қызмет сарбазының қолы мүлде жетпейді. Қазіргі нарықтық экономика кезеңінде мерзімді әскери қызметте болудың өзі де ерлік. Сондықтан біз сарбаздарымызды төс белгілерімен ғана емес, медальдармен марапаттаған жөн деп есептейміз», - дейді депутат. Оның сөзіне қарағанда, халықаралық тәжірибеде мұндай нормалар баршылық. Мәселен, Ресейдің мерзімді қызмет сарбаздарын марапаттау жүйесінде 40-тан астам ведомстволық медальдармен мен белгілер қарастырылған. Ал АҚШ қарулы күштерінде мемлекеттік наградалармен қатар, мерзімді қызмет әскерлері өз жетістіктері үшін АҚШ қорғаныс министрлігінің бірқатар ведомстволық медальдарымен марапатталады. Сосын АҚШ ондай сарбаздарды грант арқылы тегін оқытуды да жолға қойған. «Жастардың Отан алдындағы азаматтық борышы мен басты Конституциялық міндетін орындауға деген патриоттық сезімін оятып, құлшынысын арттыру, мерзімді әскери қызметтің беделін көтеру мақсатында, Отан қорғаушы күніне немесе әскери қызметтің аяқталуына байланысты сарбаздарды марапаттауға арналған Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұлан, Шекара қызметі әскерінің «Адал қызметі үшін» ведомстволық медалін табыстау мәселесін қарастырсақ. Сонымен қатар, Отан алдындағы міндетін үздік атқарған сарбаздарға мемлекеттік гранттар арқылы жоғарғы білім алу мүмкіндігі жүзеге асса игі», - деді депутат А. Тұртаев.

Соңғы жаңалықтар