Мәжіліс депутаты мал шаруашылығын дамытудың бағытын атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Субсидиялар тек ірі шаруашылықтарға ғана беріліп келеді. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде ет және сүт өнімдерін өндіруді, экспорттауды дамыту тақырыбындағы парламенттік тыңдауда палата депутаты Берік Оспанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мал шаруашылығы саласын қаржыландыру және субсидиялау мәселесіне тоқталған ол, «Қазіргі таңда мемлекеттік субсидия берудегі бірқатар елеулі кемшіліктер мен саланы ұдайы жеткілікті түрде қаржыландырмау субсидияларды уақтылы төлемеумен бірге саланы дамытуға және алға қойылған индикаторларға қол жеткізуге теріс әсер етіп отыр. Оның үстіне, егер агроөнеркәсіптік кешен субъектісінің инвестициялық салым салу кезінде жұмсаған шығыстарының бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын қарайтын болсақ, субсидиялар тек ірі шаруашылықтарға ғана беріледі. Демек біз жаңа шағын мал шаруашылығы фермаларын құруға бағытталған инвестициялық салымдар мен шығындарды субсидияламаймыз. Сөйтіп, өз ісін енді бастап жатқан фермерлерді мемлекеттік қолдаусыз қалдырып отырмыз. Ал Министрлік әзірлеген 2017-2028 жылдарға арналған етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы дәл осы фермерлерге арналған. Демек біз өзімізге-өзіміз қайшы келіп отырмыз», - деді.

Оның сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығы өнімін экспорттауды қоса алғанда, мал шаруашылығы өнімін өндіру шағын фермер қожалықтарының есебінен көбейтіліп отыр. Яғни, мал шаруашылығы өнімін өндіруде әлі күнге дейін жеке қосалқы шаруашылықтар елеулі рөл атқаруда.

«Ал бұл бізден оларға қолдау көрсету бойынша қажетті шаралар қабылдауды талап етеді. Біз жеке қосалқы шаруашылықтарға жер учаскелерін және олардың қалыптасуы үшін жеңілдетілген кредиттер мен барынша жоғары инвестициялық субсидиялар беру арқылы оларды эволюциялық жолмен отбасылық фермаларға, шаруа және фермер қожалықтарына, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне айналдыру үшін ынталандырушы жағдай жасауға тиіспіз», - деді Б. Оспанов.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығындағы ең үлкен қиындықтар қаржы ресурстарының, оның ішінде айналым қаражатының жетіспеуіне байланысты орын алып отыр.

Мәселен, соңғы 8 жылда саланы екінші деңгейдегі банктердің несиелеу көлемі 4 есе азайып кетті. Бірақ бұл ретте ҚазАгро тобының қаражаты есебінен несиелеу де тура 4 есе - 93 миллиардтан 385 миллиардқа дейін өсті. Бұл статистика Қазақстан ауыл шаруашылығының банк секторы ұшыраған дағдарысқа қарағанда, барынша терең, ауқымды әрі жүйелі, ауыр дағдарысқа тап болғанын білдіреді.

«Оның үстіне ҚазАгро арқылы жүзеге асырылатын мемлекеттік қолдау құралдары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің басым бөлігі үшін қолжетімді болмай отыр. Себебі оған да сондай кепілдер, сараптамалар, құжаттар қажет. Холдингтің қаржылық қызметтер ұсыну шарттарын қайта қарау, атап айтқанда кредиттеу мөлшерлемесін азайту, кредиттердің мерзімі мен сомасын көбейту, сондай-ақ жалпы алғанда қарыз алушыларға қойылатын талаптарды жұмсарту мал шаруашылығына ауадай қажет», - деп түсіндірді Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Б. Оспанов.

Соңғы жаңалықтар