Мәжіліс депутаты инфляция мен азық-түлік бағасының өсуіне байланысты өзекті мәселе көтерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжан Жамалов өзінің Facebook парақшасында инфляция мен азық-түлік бағасының өсуіне байланысты өзекті мәселе көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айтуынша, бұл тақырып «AMANAT» партиясының жанындағы Экономиканы, кәсіпкерлікті және аграрлық секторды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің тұрақты назарында.

А. Жамалов атап өткендей, бүгінгі таңда бағаның өсуі экономиканың басты проблемасына айналды және инфляция қазақстандықтардың табысын «жайпамауы» үшін батыл шаралар қажет.

- Мен, Мәжіліс депутаты және «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі ретінде бағаны ұстап тұру мәселесіндегі батылсыздығы мен тоңмойындығы үшін Ұлттық банк пен Үкіметті жиі сынға аламын. Әрі осыған бірнеше депутаттық сауал арнадым. Бірақ бұл проблеманың үшінші тарапы да бар – ол сауда желілері. Қазіргі уақытта сөрелердегі тауарлардың бағасы «құтырып» кетті. Үкімет бұл жағдай үшін шұғыл түрде «құтыруға қарсы вакцинаны» әзірлеуі қажет,-деді.

Одан әрі депутат қазір бағаның өсуін тежеудің негізгі шаралары сауда желілерінің өздері арқылы іске асырылып жатқанын, негізгі құрал – «айналым схемасы» екенін атап өтті. Бұл бағаны ұстап тұру жөніндегі міндеттемелерді өздеріне алатын сауда желілеріне жеңілдікпен несие беру. Оған 81 млрд. теңге жұмсалды, бірақ, әсері байқалмайды, бағалар өсуде.

«AMANAT» партиясының жанындағы Кеңес мүшелері Алматыда өткен көшпелі отырыс шеңберінде «Magnum Cash&Carry» супермаркетіне барып, «айналым схемасының» жұмысымен танысып, аталған тетік елеулі пысықтауды талап ететініне көз жеткізген.

Атап айтқанда, «айналым схемасына» алдын ала келісілетін тауарлардың шектеулі тізімі ғана қатысады. Мәселен, Магнумда 19 әлеуметтік маңызы бар тауар бойынша бағаға тежеу жасалады.

Сондай-ақ, «айналым схемасының» нақты әсерін есептеу мүмкін емес, өйткені, жалпы көлемдегі тауарлардың қандай үлесінің жеңілдікті бағамен сатылғаны туралы деректер жоқ. Магнум тауарларды бөлінген қарыз сомасына ғана сатып алып, содан кейін оларды өз дүкендерінде сатады деп есептеледі. Яғни, дүкенде жеңілдікті бағамен тауарлар сатылуы мүмкін. Сонымен бірге, дәл осы тауарлар бір мезгілде әдеттегі нарықтық бағамен де сатылады. Жеңілдікті тауарлар тез сатылып кетеді де олар қысқа сауда уақытына ғана жетеді әрі жоғары бағамен нақ сол тауарлар қалады. Әрине, республика бойынша 81 млрд. теңге – бұл «теңіздегі тамшы» тәрізді.

Тағы бір мәселе «айналым схемасы» халықтың барлық санатын қамтиды. Дүкенге кірген кез келген адам, кірісіне қарамастан, тауарды жеңілдікті бағамен сатып ала алады. Жеңілдікті тауарлар сөрелерге қойылып, оларды бір көтерме сауда жасаушы немесе жай ғана ауқатты адамдар сатып алуы мүмкін әрі егер табысы төмен отбасы дүкенге оларды аламын деп келсе, онда олар үшін жеңілдікті тауарлар жетпей қалуы мүмкін.

Сонымен қатар, заңда әлеуметтік маңызы бар өнімдерге 15%-дан аспайтын шекті үстеме баға белгіленген. Бірақ сауда желілерінде «ретробонустар» деген ұғым бар. Бұл саудагерлер ойлап тапқан, өндірушілерді өз еңбегінің жемісін болмашы ақыға беруге мәжбүр ететін және оларға «ретробонустар» деп аталатын ақыны есепке жазу арқылы сатып алушыларды осы тауарларды өздерінен анағұрлым жоғары бағамен сатып алуға мәжбүрлейтін «тонаушылық» құрал. Іс жүзінде бұл тауар жалпы сөреге жете алатындай, өндірушілер дүкенге тауарды сатқаны үшін төлейтін ақы. Егер осы бонустарды ескеретін болсақ, онда сауда желілеріндегі үстеме баға заңда белгіленген 15%-дың орнына 40%-ға жуықтайды. Мысалға бір бөтелке минералды суды алып қарайық. Шартты түрде алғанда, оның өзіндік құны 100 теңге. Бұл сомаға 20 теңге «ретробонус» есепке жазылады. Оған қоса 15% үстеме баға немесе 18 теңге қосылады. Түпкілікті бағасы – 138 теңге. Тауар сатылғаннан кейін 120 теңге өндірушіге кетеді, одан ол сауда желісіне 20 теңге «ретробонусты» қайтарады. Сауда желісінің қорытынды үстеме бағасы – 38 теңге немесе 38%. Бірақ мүлде 15% емес.

Тағы бір пысықтауды қажет ететін жағдай азаматтар қандай тауарлардың жеңілдікті бағамен сатылатынын білмейді. Тізімдегі әрбір өнімде осы тауардың әлеуметтік маңызы бар тауар екенін және арнайы бағасының бар екенін көрсететін тиісті таңбалау бар. Бірақ бұл таңбалау көзге көрінер, көрінбес, соншалықты ұсақ әрі солғын.

Осындай олқылықтарды алға тарта келіп, Мәжіліс депутаты «Айналым схемасын» қалай жақсартуға болатыны жөніндегі ұсынысын жеткізді.

«AMANAT» партиясы фракциясы мүшесінің айтуынша, ол үшін бірінші «Айналым схемасын» қолданудың әсерін – жалпы тұтынудағы тауарлардың қандай көлемі жеңілдікті бағамен сатылатынын талдау қажет.

Екінші, егер «айналым схемасының» әсері төмен болса және тауарлар жетпесе, қаржыландыру көлемін ұлғайту қажет. Әрине, барлық сатып алушыларды төмен бағамен тауарлармен қамтамасыз ету мүмкін емес. Бірақ «айналым схемасы» бойынша сатылатын тауарлардың бағасы басқа сауда желілері мен дүкендер үшін «шамшырақ» болуға тиіс. Олар өздерін осы бағаларға қарап, бой түзеуге және бәсекелестікті ескере отырып, өздерінде сатылатын тауарлардың бағасын тым көтермеуге мәжбүр етуге тиіс. Ол үшін басқа ритейлерлердің бағалары мен көлемдерін де талдау қажет.

Үшінші, тауарлардың тізбесін кеңейтуді ойластырған жөн. Қазақстандықтардың тұтыну себеті 19 тауардан тұрмайды.

Төртінші, сауда желілері қолданатын «ретробонустар» деп аталатын жүйені зерделеу және «ретробонустарды» ескере отырып, тауардың үстеме бағасын бақылауға қатысты әдіснамалық шешім қабылдау қажет.

Бесінші, мемлекет субсидиялайтын жеңілдікті тауарлардың стандартты таңбалануын әзірлеу керек.

Мәжіліс депутатының пікірінше, аталған шаралар халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қолдаудың ең тиімді құралы.

- Ең дұрысы – жеңілдікті тауарларды дәл осы халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына сату. Ол үшін әртүрлі экономикалық құралдар бар. Мысалы, азық-түлік карточкалары. Адам карточкасын ұсынып, тауарды төмендетілген бағамен сатып ала алады. Сол кезде қолдауды шын мәнінде оған мұқтаж адамдар алатын болады,-деді Аманжан Жамалов.


Соңғы жаңалықтар