Мәжіліс депутаты халық жұмыссыздығын қалай шешуге болатынын айтты

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Жәмилә Нұрманбетова халықты жұмыспен қамту бойынша өз ұсынымдарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кедейлік деңгейін төмендетуде халықты жұмыспен қамту мәселелері маңызды рөл атқарады. Мысалы, Әлеуметтік кодекс нормалары бұл бағытта қолда бар тетіктер арсеналын қайталайды. 2007-2008 жылдардағы дағдарыс кезеңінде жұмыссыз азаматтарды уақытша жұмыспен қамту бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру түрінде әзірленген тетік 15 жыл бойы қолданылып келеді. Миллиондаған қаражат кәсіпкерлік негіздерін үйретуге бағытталған», - деді Жәмилә Нұрманбетова Әлеуметтік кодекс жобасы туралы Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, жұмыссыздықтың 4,9% тұрақты деңгейіне қарамастан, Қазақстан еңбек нарығында «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар», жасырын жұмыссыздықтың болуы және «көлеңкелі жұмыспен қамту» проблемалары бар.

«Жұмыссыздар санын анықтаудың нақты әдістемесінің болмауы халықтың мемлекеттік органдарға сенімсіздігін тудырады. Жұмыспен қамту саласы тұрмыс деңгейі мен адам әлеуетінің сапасын арттыруға бағытталған реформалар қажет деп санаймыз. Бұл ретте әкімдер шешуші рөлді алып, ал министрлік – стратегиялық жаһандық процестерге ілесуі тиіс», - дейді депутат.

Ол үшін әкімдердің жұмысы қазіргідей уақытша емес, сапалы жұмыс орындарын құруға бағытталуы керек.

«Сондай-ақ біз кәсібін жаңа бастаған бизнесмендер мен стартаптар үшін арнаулы маркетплейстер қажет деп санаймыз. Бүкіл әлемде онлайн сату нарығы қарқынды дамып келеді. Интернет сайттарында түрлі міндеттерді орындауға байланысты құзыреттерді болашақтың мамандықтары деп атауға болады. Сондықтан кадрларды даярлауда жаңа мамандықтарға ерекше назар аударуымыз керек. Мысалы көрші ел Қытай кедейлік пен жұмыссыздық мәселелерін шешу үшін елдің ең жақсы кәсіпкерлерін іске тарта алды. Және олар осы бағытта керемет прогреске жетті. Біз де әлемдегі ең жақсы тәжірибелерді жинап, жұмыста қолдануымыз керек», - деді Ж. Нұрманбетова.

Бұған дейін депутат Әлеуметтік кодексте ескірген және негізсіз әлеуметтік параметрлер қолданылатынын, министрлікке ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу әдістемесін жетілдіру қажеттігін айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар