Мәжіліс депутаты газ құбырларына қатысты проблеманы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәжілісінің депутаты, «NUR OTAN» партиясы фракциясының мүшесі Құдайберген Ержан еліміздің инфрақұрылым нысандарының құрылысына және қайта жандандыру жұмыстарына бюджеттен бөлінген мемлекет қаражаттарын атқару органдарының мардымсыз пайдалануы мәселесін көтеріп, Мәжілістің жалпы отырысында депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл сайын бюджеттен халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін инфрақұрылымды дамытуға қыруар қаражат бөлінеді. Алайда, жыл сайын аяқталған, бірақ жұмыс істемейтін немесе жылдан жылға аяқталмайтын нысандарға, жобалы-сметалық құжаттамаларды түзетулерге, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына, сапасыз істелген жұмыстарға кезігеміз. Осының бәрі аталған салаларда мемлекеттің басты мақсаттарына жетуге кері әсерін тигізуде. Өздеріңізге белгілі, Елбасының қолдауымен 2013 жылы «Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ» магистралды газ құбырының құрылысы аяқталып, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарын табиғи газға қосу мүмкіндігі пайда болды. Дегенмен, бітіп тұрған газ құбырларын «ҚазТрансГазАймақ» АҚ эксплуатацияға алмай отыр. Оған себе - тапсырыс беруші ретіндегі әкімшіліктердің және эксплуатациялаушы мекеме болып саналатын «ҚазТрансГазАймақ» АҚ арасындағы әрекеттердің келісілмеуі және әрекеттердегі тұжырымдамалық шешімдердің болмауы. Нәтижесінде, тапсырыс беруші қабылдаған нысандар пайдалануға берілмейді, сол арқылы газ құбыры түріндегі мемлекет қаражаты ондаған жылға айналымсыз қалады», - деді Қ. Ержан Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, айқын мысалдардың бірі ол - Түркістан облысының Сарығаш және Келес аудандары. Сарыағаш ауданының 13 елді мекені және Келес ауданының 6 елді мекені, жалпы алғанда 80000-ға жуық халық газбен қамтылмаған. Алайда, аталған елді мекендерде ішкі газ жүйелерінің құрылысы аяқталған. Сонымен қатар, Таскескен ауылындағы АГТС-тың құрылысы 2013 жылы аяқталып, бірақ пайдалануға 8 жыл өткен соң 2021 жылғы 5 тамызда берілді.

«Өз кезегінде, Сарыағаш ауданының әкімшілігі ағымдағы жылғы 11 тамызда Facebook парақшасына символды түрде газ алауы жағылып, Бағыс және Тегісшіл ауылдарының тұрғын үйлері, сонымен бірге, Сарыағаш ауданының 38 елді мекені, Келес ауданының 39 елді мекені газдандырылды деп жариялады. Алайда, жоғарыда жазылғандай «символды түрде газ алауы жағылды», иә, бәрі расында да символды түрде өтті, себебі аталған елді мекендер газға қосылмаған. Ағымдағы жылдың 19-27 тамыз аралығында өңірлерге сапарымыз аясында аталған елді мекендердің тұрғындарымен кездесіп, осы жағдайларға көз жеткізілді. Мұндай жағдай еліміздің басқа өңірлерінде де бар екенін атап өту қажет», - деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі күні эксплуатациялаушы мекемелердің теңгеріміне берілмеген нысандардың жалпы саны 1227 құрайды, оның ішінде 143 нысан құжаттама толық жинақталмауы себебінен, сондай-ақ құрылыс барысында жіберілген техникалық бұзушылықтардың салдарынан проблемалы болып отыр.

Осы орайда жоғарыда аталғанның негізінде келесі мәселелерді қарастыру ұсынылды:

1. Құрылысы аяқталып пайдалануға тапсырылған нысандарды эксплуатация жасаушы мекеменің теңгеріміне өткізу шараларын мерзімін қысқартып оңтайландыру.

2. Инфрақұрылымдық нысандар құрылысының жоба-сметалық құжаттамасын дайындау және техникалық қадағалау жұмысын жүргізу кезінде «ҚазТрансГаз» АҚ сияқты салалық мекемелердің қатысуы.


Соңғы жаңалықтар