Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Түркиядағы сайлаудың қалай өтіп жатқанын айтты

None
Фото: facebook.com/Самат Мусабаев
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Түркиядағы сайлауға байқаушы болып барды. Агенттік тілшісімен сұхбаттасқан депутат бұл елдегі президент және парламент сайлауы қалай өтіп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін таңғы сағат 8-ден бастап, Түркия астанасындағы бес сайлау учаскесін аралап шықтық. Жалпы жағдай өте тұрақты, дауыс беруге келген адам қарасы өте көп. Кейбірі дауыс берген соң, шайханаларда бас қосып, пікірталас жасауда. Бұл Түркия халқының саяси белсенді екенін көрсетеді. Сайлау жергілікті уақытпен 17:00-де аяқталады», - деді Е. Сайыров ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Түркияда 85 млн халық бар, соның ішінде 64 млн халық дауыс беруге құқылы, қалғаны – балалар.

«Бұл ретте Түркия заңы бойынша, Президент болып сайлану үшін 50,1 пайыз дауыс жинау керек. Сайлау өте тартысты өтіп жатыр. Сарапшылар да, ЕҚЫҰ өкілдері де кімнің жеңіске жететіні белгісіз деп айтуда. Тіпті сайлау 28 мамырға – екінші кезеңге қалуы ықтимал», - дейді депутат.

Айта кетейік, Түркияда 28-ші шақырылымдағы парламент және президент сайлауы өтіп жатыр. Сайлау учаскелері таңғы 8:00-де ашылып, жергілікті уақыт бойынша 17:00-де жабылады. Елде барлығы 191 885 дауыс беру жәшігі орнатылды.


Соңғы жаңалықтар