Мәжіліс депутаты: Бізге әлеуметтік тұрғын үйді көбірек салу керек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева Jibek Joly арнасының Мәжіліс ғимаратынан жүргізген тікелей эфирі кезінде әлеуметтік тұрғын үйлерді көптеп салу керек деген пайым айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізге көбінесе әлеуметтік тұрғын үй салу керек. Қазір ол аз. Бұл мәселені бөлек қарастыру қажет. Себебі беріліп жатқан шаршы метрлер (баспана – ред.) аз. Мысалы, 9 адам тұратын отбасылар бар. Ипотека алдық деп қуанады. Ал оларға тиетіні 30-40 шаршы метр үй. Бұл мұндай үлкен отбасына өте аз деп есептеймін. Бұл жағын да қарастыру керек», - деді ол.

Депутат мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға беріліп жатқан әлеуметтік көмектің мөлшері де жеткіліксіз деп есептейді.

«Мысалы мен де көпбалалы анамын. 2021 жылы жолдасым қайтыс болған. Мүгедектігі бар баламды қазір жалғыз өзім тәрбиелеп отырмын. Сондықтан баспана мәселесі бар отбасылардың проблемасын түгел өз басымнан өткіздім. Мәселелердің бәрін білемін.

Біз алғаш үй алғанда қазіргідей көпбалалы аналарға жеңілдік болған жоқ. Сондықтан шағын баспанамен шектелуге мәжбүр болған едік. 2019 жылға дейін бүкіл балаға алатын әлеуметтік көмек 10 мың теңгедей болатын. Қазір біраз жақсарды, бірақ ол да жеткілікті емес», - деді Гаухар Танашева.


Соңғы жаңалықтар