Мәжіліс депутаты әскери зейнеткерлер тап болған проблеманы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Ғазиз Құлахметов әскери зейнеткерлердің мәселесіне қатысты Үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз әскери зейнеткерлердің баспанамен қамтамасыз ету проблемасына қатысты депутаттық сауалымызды өз атыңызға қайта жолдауға мәжбүрміз. Себебі, құзырлы органдардың жауабына қанағаттанбадық. Берілген жауапта, запасқа 2013-2018 жылдар аралығында кеткен әскери қызметкерлердің құқығы шектелген жоқ, ол азаматтарға коммуналдық баспана қорынан, мемлекеттік мекеме есебінен тұрғын үй берілді деген уәж рас болса, азаматтар өз проблемаларын осы күнге дейін неге көтереді? Ресми жауапта проблемасы бар азаматтар саны небәрі 20 адам деген ақпараттың да адалдығы күмәнді. Себебі, мұң-мұқтаж, арыз-шағымын аймақты аралау кезінде жүзбе-жүз, жұмыс адресіне, одан қалды жеке поштаға жолдағандар саны әлдеқайда көп. Сондықтан, Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты зейнеткерлердің (құтқарушы боп қызмет еткен азаматтар), кейбір құқық қорғау органдары мен Аякөз, Талдықорған, Қапшағай, Жаркент, Сарыөзек, Жетіген, Арыс, Шымкент, Гвардейск, Луговской әскери гарнизондарында қызмет еткен әскери зейнеткерлердің аманатына соңына дейін адал болуды қош көріп отырмыз», - деді Ғазиз Құлахметов.


Оның айтуынша, әскерилер жұмыстан кету мерзіміне қарай үш категорияға жіктелген. 2013 жылға дейін, 2013-2018 жыл аралығы және 2018 жылдан бастап кеткендерге әртүрлі нормалар қолданылады.
«Біздің ойымызша, дискриминациялық градацияны, алып тастап, бәріне ортақ норма қолдану керек. Осы ретте, «Әскери қызмет және әскери қызметкерлердің мәртебесі» туралы заңының 55 бабындағы 6; 6-1; 7 тармақтарды алып тастаған жөн. Келесі даулы мәселе, үй айырбастау нормасы. Заңның 98 бабында 2013-2018 жылдар аралығында әскери қызметтен кеткен азаматтар сотқа барғанда 101 баптың 5 тармақшасына сәйкес, меншік иесінің рұқсатын алуға міндетті боп шығады. Меншік иесі бұл жағдайда - әскери бөлімнің командирі. Ол да баспана қоры жоқ деп, рұқсатты бермейді. Сондықтан, 101-2 бабының 4 тармағын, 98 бапты алып тастап, әскери қызметтен кеткен, әлі де кететін қызметкерлерге 101-2 бабының 5, 6 тармақтарын қолданған әділ», - деді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, келесі мәселе, 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін қаза тапқан әскери қызметкерлердің бала-шағасына қарайласу мәселесіне қатысты. Қаржылай компенсация мен қызметтік баспананың мұрагерлік жолмен иелену мүмкіндігінен айрылып отырған жесірлер бар. Ол норманы іске асыру үшін Заңның 101-9 бабының 2 тармағын алып тастау ұсынылады.
«Мүгедек әскери зейнеткерлер мен денсаулығына байланысты әскери қызметтен кетуге мәжбүр болған азаматтардың жәй-күйі де мәз емес. Баспана төлемін соттың бірінші инстанция шешімімен алып, кейін соттың жоғарғы инстанция шешімімен қайтадан ол ақшаларын қайтаруға мәжбүр боп жатқан азаматтар да баршылық. Еліміз әлеуметтік мемлекет деп айтар болсақ, жоғары да айтылған азаматтардың баспана алу мүмкіндігін шектеу әлеуметтік принциптерге қайшы келер Конституциялық құқықтарын шектеу емес пе?! Салалық министрліктер - Қорғаныс министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі қордаланған проблемаларды шешу жолдарын іздеп, өз зейнеткерлерінің уәждарын қанағаттандыруға неге тырыспайды? Сонымен қатар, депутаттарға өтініш жолдаған азаматтардың арыздарын да қарап, заңда белгіленген тәртіппен жазбаша жауап берулеріңізді сұраймыз», - деді Ғазиз Құлахметов.
Соңғы жаңалықтар