Мәжіліс депутаты Алмас Тұртаев Исатай ауданы Тұщықұдық селолық округінің тұрғындарымен кездесті

None
None
АСТАНА. 5 шілде. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Алмас Тұртаев Исатай ауданы Тұщықұдық селолық округінде тұрғындармен кездесті.

Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.

Халық қалаулысы сапарының басты мақсаты - Парламент Мәжілісінде қызу пікірталаспен талқыланып, қабылданған заңдардың жергілікті жерде қалай орындалып жатқанын, ауыл тұрғындарын қандай мәселелер толғандырып жүргенін білу және өздерінің заң шығару жұмыстары жөнінде жеткізу.

Сапар аясында ауылдық округтің әкімі Мүтиғолла Насиханов халық қалаулысына Тұщықұдық ауылдық округінің құрылымы, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындарға жасалып жатқан әлеуметтік шаралар,шағын және орта кәсіпкерліктің жайы жөнінде жан-жақты баяндап берді. Ал жүздесуде сөз алған Мәжіліс депутаты Алмас Тұртаев Парламент Мәжілісінің 2-сессиясының қорытындыларына тоқталып, Елбасының «Қазақстан -2050» стратегиясынан туындайтын міндеттерді орындаудағы іс-әрекеттерді заңдастыру, қоғам, ел арасындағы түйінді мәселелерді заңды жолмен шешуге ықпал ету шараларына тоқталды. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының әсіресе, округ әкімдерін сайлаудағы жергілікті мәслихат депутаттарының жұмыстарын жандандыру қажеттігі туралы ойларымен бөлісті. Депутат ауылдағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамуытудың жай-жапсарынан да қанықты.

Мұнан соң халық қалаулысы Тұщықұдық селолық округіне қарасты «Оңдасын» шаруа қожалығына ат басын тіреді. Қожалық жетекшісі Оңдасын Мақатовтың түйе шаруашылығын дамытып, шұбат өндіру ісімен айналысқанына жиырма жылға жуықтаған екен. Депутат кәсіпкерге алға қарай жанға шипа, дертке дауа, ішсең сусын болатын шұбатты шағын цех арқылы өңдеп, халыққа сатудың тиімді екендігін қаперлеп, ісіне сәттілік тіледі.

Соңғы жаңалықтар