Мәжіліс депутаттары Жетісуда кәсіпкерліктің, Ақтөбеде құрылыс жұмыстарының барысымен танысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «AMANAT» партиясының ҚР Парламенті Мәжілісіндегі фракциясының өкілдері Жетісу мен Ақтөбе облысында болып қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Жетісу облысына жұмыс сапарында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Данияр Әлімбаев пен Әлия Әбсеметова Алакөл ауданындағы кәсіпкерлік және туризм саласы өкілдерімен кездесіп, Үшарал қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын жөндеу барысымен танысты.

Қазіргі таңда әуежайда ұшу-қону жолағын жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Әуежай басшысы Әшірбек Бақытжановтың айтуынша, аталған әуежай 2018 жылы ашылған, жөндеу жұмыстары былтыр басталды, биыл толығымен аяқталады деп жоспарлануда.

Осы күні сондай-ақ, Мәжіліс депутаттары бірқатар туристік нысандарды аралады.

Атап айтсақ, Алакөл көлі жағалауын дамытудың бас жоспарына сәйкес сумен, электрмен қамту, кәріз жүйесін жүргізу қолға алынған. Биыл жағалауда 3 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, ірі демалыс орындары іске қосылды. Жалпы саны 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, жобаларға 3 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылған.

- Алакөл – өңірдегі туристік әлеуеті зор аймақ. Мұнда жазғы маусымда көлге шомылуға миллионнан астам адам келеді. Сондықтан өңірдің туристік тартымдылығын одан әрі арттыру үшін көл жағалауындағы инфрақұрылымды дамыту басты міндет. Жерлестерімізден бөлек, шет елдерден туристер келсе, ол жетістік» - деп атап өтті Мәжіліс депутаты Данияр Әлімбаев.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, биыл жағалауларды қоршау жұмыстары басталған. Ақши мен Көктұма ауылдық округтерінде жалпы ұзындығы 13,4 шақырым жағалау қоршалуға тиіс. Жобаның құны 6 млрд. теңгені құрайды.

Бұл партияның сайлауалды жол картасында көрсетілген жоспарларды жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған.

Ал Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Сергей Симонов, Аманғали Бердалин және Ғалымжан Елеуов партияның Жол картасы аясында Ақтөбеде салынып жатқан көп қабатты үйлердің құрылысы алаңында болды.

Құрылыс жұмысымен танысу барысында Мәжіліс депутаттары құрылыс сапасын, жұмыс қарқынын бағалап, қаражатты игеру мәселелерін талқылады.

Айта кетейік, қазір Нұр-Ақтөбе шағын ауданында 1425 пәтерлі 11 көпқабатты үй салынуда. Жергілікті мердігер «Ақтөбе Сәулет» ЖШС 9 қабатты бес панельді үйдің құрылысын қолға алды. Құрылыс жұмыстарын биыл аяқтау жоспарланып отыр. Жалпы биыл облыс бойынша 1 миллион 200 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Өзекті мәселелерді талқылау барысында Мәжіліс депутаттары құрылыс материалдарының қымбаттауы жұмыстың сапасына да әсер ететінін алға тартты.

Аманғали Бердалиннің айтуынша, жыл сайын шығындар коэффициентін арттыру қажеттігі туындайды. Шын мәнінде, құрылыс материалдары халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етудің негізгі тәсілі болуы тиіс. Ал Мәжіліс депутаты Сергей Симонов Үкімет құрылыс қарқынын өткен жылдар деңгейінде ұстап тұру үшін тиісті шараларды қолға алып жатқанын, құрылыс материалдары бағасының өсуін ескере отырып, сметаларға түзету жүргізілетінін, өткен жылдан бері тоқтап тұрған нысандар бойынша сараптама жүргізілетінін алға тартты.

Мәжіліс депутаттары бұған дейін Ойыл, Байғанин, Мәртөк аудандарында халықпен кездесулер өткізіп, жергілікті жерлердегі ахуалмен танысқан болатын. Олар тұрғындар көтерген маңызды мәселелерді зерделеп, Үкімет назарын аудармақ.

Еске сала кетейік, 14 шілдеге дейін депутаттар Хромтау, Әйтеке би ауданы тұрғындарымен кездеспек.


Соңғы жаңалықтар