Мәжіліс депутаттары «Жайылымдар туралы» жаңа заң жобасын әзірледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» фракциясының бір топ депутаттары «Қазақстан Республикасындағы жайылымдар туралы» жаңа редакциядағы заң жобасын әзірледі. Бұл туралы бүгін Мәжілісте жайылымдарды тиімді басқару мен пайдалану мәселелеріне арналған дөңгелек үстел барысында мәлім болды.

«Бүгінгі қолданыстағы заңнамалық актілер жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану мен басқару бойынша мәселелерді шеше алмайды. Сондықтан да, «Нұр Отан» фракциясының депутаттары жайылымдар туралы жаңа заң жобасын әзірледі. Онда бүгін орын алып отырған олқылықтар ескеріледі, жайылымдарды тиімді басқаруға тетіктер қамтылады», - деді депутат Жексенбай Дүйсебаев.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа заң жобасындағы басты жаңалықтардың бірі мал шаруашылығы үшін қажетті жерлерді тиімсіз пайдаланумен күрес болып отыр. Өйткені, дәл осындай тиімсіз пайдалану салдарынан отандық мал шаруашылығы үлкен залал көруде.

«Біздің мал жайылымы саласындағы қолда бар ресурстарымыз өте зор. Сол үшін мал шаруашылығында жемге қажеттілік сұранысының 50 пайызы дәл осы жайылымдық жерлерден алынуы керек еді. Алайда, іс жүзінде жайылымдардың басым бөлігі бүлініп, тозғандықтан, өрістегі мал жайылымдық жемнің 30 пайызын да бере алмай отыр. Әлемдік тәжірибеде көрсетілгендей отарлап, шалғайға өрістеп жайылған мал , ауыл маңынан алысқа шықпай жайылған малға қарағанда салмақты 10 келіге артық жинайтыны дәлелденген», - дейді депутат Жексенбай Дүйсебаев. Осыған орай, заң жобасында депутаттар малды ауыл маңынан шалғайға отарлатып жаюды дамыту арқылы жайылым жерлерін кеңейтуді ұсынады.

Тұтастай алғанда, заң жобасын бірқатар әлеуметтік, экономикалық және экологиялық нәтижелерге негізделеді. Атап айтқанда, біріншіден, халықты сапалы әрі арзан мал өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, екіншіден, ет экспортының әлеуетін арттырады, үшіншіден, жеке қосалқы шаруашылықтарды және шалғайдағы мал шаруашылығын дамытуға, мал басын арттыруға, жемшөп қорын дайындауға, сондай-ақ, экологиялық тұрғыдан таза мал шаруашылығы өнімінің өзіндік құнын төмендетуге жағдай жасайды.

Айта кетерлігі, заң жобасы қазіргі уақытта Үкіметке тиісті қорытындылар алу үшін жолданған екен.

Соңғы жаңалықтар