Мәжіліс депутаттары Жаңатастағы қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН ҚазАқпарат - Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин төменгі палата депутаттарының атынан Жамбыл облысы Сарысу ауданының Жаңатас қаласында өрт салдарынан қаза тапқан балалардың ата-анасы мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тілсіз жаудың салдарынан қаза тапқан бүлдіршіндер туралы суыт хабар барша қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды. Зардап шеккен Әбдімәліковтер отбасына, туған-туыстарына орны толмас оқиғаға байланысты барлық депутаттық корпус атынан көңіл айтамын», - деді Нұрлан Нығматулин.

Сондай-ақ, палата спикері зардап шеккен отбасыға сабыр мен бекемділік тіледі.

Естеріңізге сала кетсек, Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласындағы 2 ықшамаудандағы 5 қабатты тұрғын үйдің 3-ші қабатында өрт болып, 16 шаршы метр аумақты шарпыды. Өрт салдарынан пәтерде үлкендердің қарауынсыз қалған 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылы дүниеге келген бес сәби түтінге уланып, жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Алайда араға біраз уақыт салып, барлығы көз жұмды.

Алдын ала мәлімет бойынша, Жаңатаста пәтердегі өрт тез тұтанғыш материалдың бетіне ашық от көзінің түсуінен туындаған.



Соңғы жаңалықтар