Мәжіліс депутаттары Жаңақала ауданында болып, Елбасы Жолдауының жүзеге асырылу барысымен танысты

None
None
ОРАЛ. 13 сәуір. ҚазАқпарат - Елбасы Жолдауынан туындайтын міндет-мақсаттарды тұрғындарға түсіндіру мақсатында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Шафхат Өтемісов, Виктор Киянский, Батыс Қазақстан облысы мәслихатының хатшысы Мәлік Құлшар, облыстық мәслихат депутаты Амангелді Таспихов Жаңақала ауданында болды.

Алдымен Қызылоба ауылдық округінде тұрғындармен кездескен халық қалаулылары содан кейін аудан әкімі Лавр Хайретдиновтің төрағалығымен өткен актив жиналысына қатысты. Алқалы жиында алдымен аудандық мәслихат хатшысы Закария Сисенғали хабарлама жасап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуынан, Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттердің өңірде орындалу барысынан мәлімет берілді. Сондай-ақ аудандағы шешілуі шиеленісіп жүрген ауыз сумен қамту, шағын елді мекендерді газдандыру, тұрғын үй, жол мәселелері Мәжіліс депутаттарының назарына ұсынылды.

Мәжіліс депутаты Шафхат Өтемісов Жаңақала жұртшылығына ізгі тілегін жеткізгеннен соң Жолдауда көрсетілген тапсырмаларға орай қолға алынған шараларға тоқталды. «Президент биылғы Жолдауында халықты жұмыспен қамту мәселесіне басымдық берді. Былтыр осы бағдарламаның екінші бағыты бойынша ауылдағы кәсіпкерлерге шағын несие беру үшін облысқа 200 млн. теңге қаражат бөлінген болатын. Биыл бұл жұмыс одан да ауқымды көлемде жалғасады», - деді ол.  «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге бұрын болмаған жеңілдіктер берілуде. Өз кәсібін дамытамын деген адам болса, Үкіметтен қолдау көрсетіледі. «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы да халық үшін тиімді.

Аудан жұртшылығын ауданның қайта құрылғанына 40 жыл толу мерейтойымен және наурыз мерекесімен қазақ тілінде құттықтап алған Мәжіліс депутаты Виктор Киянский іссапар барысында қай ауыл-аймақта да Жолдаудың жүзеге асырылып жатқанының куәсі болып келе жатқанын айтты. Ол өз сөзінде адами капиталдың сапалы өсуі үшін білімге баса назар аудару, еліміздегі мол табиғат ресурстарын тиімді пайдалану, отаншылдық рухты дамыту мәселелерін көтерді. Ауданда ұлттық құндылықтарды ұлықтауға ерекше ден қойылғанына ризашылығын білдірді.

Жиында тұрғындар тарапынан бірнеше сауалдар қойылып, «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасын қабылдағанда жалға алғаны үшін төленетін төлемнің ауыл халқына қолжетімді болуы, ҰБТ-ны аудандарда өткізу жүйесін өзгерту, табиғи арнамен келетін су жолына мемлекетаралық келісіммен ғана бөгеттер салынса деген бағытта ұсыныс-пікірлер айтылды.

Жиыннан соң Мәжіліс депутаттары, облыс мәслихатының хатшысы мен депутаты «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығы, аудандық аурухана,   №8 кәсіптік лицейде болып, білім беру мен денсаулық сақтау саласын жаңғыру барысында атқарылып жатқан іс-шаралармен танысты.

Соңғы жаңалықтар