Мәжіліс депутаттары Тасқала ауданында болып, ауыл-аймақтың жағдайымен танысты

None
None
ОРАЛ. 12 сәуір. ҚазАқпарат - 11 сәуір күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қабиболла Жақыпов пен Анатолий Пепенин және

«Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжебай Нығмет жұмыс сапарымен Тасқала ауданында болып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Жолдауын тұрғындарға түсіндіріп, одан туындайтын міндеттердің орындалу барысымен танысты.

Депутаттар алдымен көктемгі су тасқыны кезінде тұрғындарға қауіп төндірген Деркөл өзенінің жағалауында болып, су арнасының қазіргі жай-күйін қарап өтті. Сондай-ақ олар былтырғы жылы тасқыннан зардап шеккен отбасыларға арнап салынған 72 пәтерлік С.Жақсығұлов атындағы ықшамауданды аралады. Сапар барысында астаналық меймандар облыстағы үздік оқу орындарының бірі болып саналатын «Сәулет» мектеп-лицейіне бас сұғып, дарынды жеткіншектермен тілдесті. Аудандық балалар музыка мектебінде оркестрдің орындауында бірнеше күй тыңдаса, аудандық мәдени-демалыс орталығында «Ақтілеу» халықтық әжелер ансамблінің ұжымымен жүздесті. Сонымен бірге осы ғимараттың екінші қабатында орналасқан тәуелсіздік залында болып, аудан тарихымен танысты.

Аудан орталығын аралап шыққаннан кейін қонақтар аудан активімен кездесті. Жиынды ашқан аудан әкімі Қуат Мусин жергілікті жерде Жолдауды жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан істерді қысқаша баяндап өтті.

Аудан белсенділерінің алдында сөз алған Қабиболла Жақыпов Жолдауға байланысты баяндама жасады. Депутат елдің экономикалық-әлеуметтік дамуын одан әрі арттыру және жұмыссыздықпен күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға баса назар аударды. Шағын бизнесті дамытуға берілетін несиелерді дұрыс пайдалану жөнінде өз пікірін білдірді.

Жиналғандар тарапынан Деркөл өзенінің табанын тазарту, аз қамтылған отбасыларға берілетін несие және көктемгі егіс кезінде облыстан бөлінетін жанар-жағар майды алуға қатысты сауалдар қойылып, жауап берілді.

Соңғы жаңалықтар