Мәжіліс депутаттары Сайрам ауданында болды

None
None
САЙРАМ. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Уәлихан Қайназаров пен Құдайберген Ержан арнайы іссапармен Сайрам ауданында болды. Өңірге жасаған жұмыс сапары барысында депутаттар аудан тұрғындарымен кездесіп, бірқатар нысандарды аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халық қалаулылары «Нұрым Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, ондағы мал бордақылау алаңшаларын аралап көрді. Серіктестік басшысы Сырым Ертаевтың айтуынша, бүгінгі таңда мал бордақылау алаңында 6000 бас ірі қара бар. Мұнда екі айналымда 1500 тонна ет дайындалып, экспортқа шығарылады. Бір жылдық табысы 3 млрд теңгені құрап отыр.

«Биыл жыл соңына дейін 10 мың бас ірі қара мал және келер жылдың соңына дейін 20 мың басқа дейін бордақыланады деп жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күнге дейін 330 тонна қой еті, 2904 тонна ірі қара мал еті экспортталған. Серіктестікте 55 адам тұрақты жұмыспен қамтылған», - дейді кәсіпкер.

Өз кезегінде депутаттар кәсіпкер тарапынан айтылған ұсыныс пікірлерін тыңдап, шешімін табуға ықпал ететінін айтты.

Халық қалаулылары мұнан кейін «АХБК» ЖШС тігін фабрикасының жұмысымен танысты. Жобалық құны 1200,0 млн теңгені құратын фабрикада арнайы форма, әскери киімдер және төсек-орын өнімдерін шығарылуда. Онда 110 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Өнімдерді шығаруда толық отандық шикізаттар пайдаланылады.

Сонымен қатар, депутаттар Ақсукент ауылындағы 500 адам қабылдайтын аудандық емхана құрылысымен де танысты. Қазіргі таңда нысан құрылысының 85 % аяқталып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы қараша айында елдің игілігіне берілмек. Аудандағы емхана құрылыс алаңына барған депутаттар Ақсукент ауылы, Қ.Жандарбеков атындағы мәдениет үйінде Конституция күніне арналған мерекелік іс-шараға қатысып, жергілікті халықты мерекемен құттықтады. Мәжіліс депутаттары халыққа елордада партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың Төрағалығымен өткен «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесі отырысының шешімдерін түсіндірді.

Жиында Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Уалихан Қайназаровқа Сайрам ауданының өсіп өркендеуіне қосқан үлесі үшін Сайрам ауданының «Құрметті азаматы» куәлігі табысталды.

Соңғы жаңалықтар