Мәжіліс депутаттары: Парламентаралық ынтымақтастықты нығайту – уақыт талабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаттары қыркүйек айынан бастап онлайн форматта бірқатар халықаралық форумдарға қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Бейбіт Мамраев пен депутат Зәуреш Аманжолова Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының мүшелері денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі комитеттері басшыларының отырысына қатысты.

Бейнеконференция режимінде өткен жиында COVID-19 пандемиясының мәселелері, оның ішінде ТүркПА-ға мүше елдерге әсері мен салдары жайлы талқыланды.

Ерекше назар әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелеріне, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайту, зерттеулер мен инновацияларды кеңейту қажеттілігіне аударылды.


Бейбіт Мамраев COVID-19 пандемиясының өзекті мәселелерін талқылауға арналған осындай отырыстар коронавируспен күресте өзара әрекет етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Мәжіліс депутатының айтуынша, эпидемия елдер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі арттыра түсті. Тиімді серіктестіктің мысалы ретінде ЕАЭО-да COVID-19 және басқа да жұқпалы аурулардың таралуын болдырмаудың қабылданған кешенді жоспары, сондай-ақ ШЫҰ кеңістігінде эпидемия қаупіне қарсы бірлескен іс-қимыл туралы мәлімдемені іске асыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары бар.

Сондай-ақ, Б.Мамраев әріптестеріне пандемияға қарсы шараларды заңнамалық қамтамасыз ету бойынша Мәжіліс депутаттарының жұмысы туралы хабардар етті. Парламент депутаттары санитарлық-эпидемиологиялық талаптар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы»кодексте қарастырылғанына және жаңа экологиялық кодекс жобасы аясында адамдардың өміріне қолайлы жағдайлар жасау, денсаулығын сақтау мәселелері пысықталып жатқанын айтты.

Мәжіліс депутаты Иван Клименко коронакризистің әлеуметтік-экономикалық аспектісі туралы айта отырып, Орталық Азия мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту қажеттілігіне мән берді. Алдыңғы қатарда, депутаттың айтуынша, халықтың жұмыспен қамтылуы мен кірістерін сақтау міндеті тұр. Форумға қатысушылар азық-түлік қауіпсіздігінің өзектілігін де атап өтті.

Жиын барысында депутаттар жаңа инфекцияларды, атап айтқанда, пневмонияны тиімді емдеу үшін қажетті ғылыми әзірлемелерге инвестициялардың жеткіліксіз дамуын алға тартты.

Ағымдағы парламенттік сессияда Мәжіліс депутаттарының әріптестерімен парламентаралық ынтымақтастық топтары шеңберінде өзара іс-қимыл тәжірибесі жалғасуда.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары Снежанна Имашева мен Шавхат Өтемісов Израильдің Кнессеті (Парламенті) ұйымдастырған бейнеконференцияға қатысты. Экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Глеб Шегельский мен мәжілісмендер Артур Платонов және Сергей Симонов Православие Парламентаралық Ассамблеясының 27-ші Бас Ассамблеясының жұмысына қатысу кезінде парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту жайлы пікір білдірді.


Соңғы жаңалықтар