Мәжіліс депутаттары өңір тұрғындарымен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаттары өңірлерде жұмысын жалғастырып, облыс, аудан орталықтарын аралап, еңбек ұжымдарымен, ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Онда халықты әлеуметтік қолдау шараларына, мемлекеттік бағдарламаларды жергілікті жерлерде жүзеге асыру мәселелеріне баса назар аударуда.

Бүгін Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов Алматы облысының Есік қаласында «AMANAT» партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуын жүзеге асырудың Жол картасы шеңберінде салынып жатқан 60 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылысымен танысты.

Кездесуде Ж.Әшімжанов қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін арттыру жөніндегі мемлекеттік шаралар туралы, оның ішінде депутаттардың әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған заңнамалық бастамалары туралы айтты. Сонымен қатар нысандағы құрылыс жұмыстарының сапасы уәкілетті органдардың қатаң қадағалауында болуы тиіс екенін де атап өтті.

Өз кезегінде құрылыс компаниясының өкілі Болат Ишназаров қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары 95%-ға аяқталғанын, абаттандыру жұмыстары біткеннен кейін тұрғын үйлер мерзімінде пайдалануға берілетінін айтты.

Жалпы Есік қаласында кезекте тұрған тұрғындарға биылғы жылдың төртінші тоқсанында 120 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Сонымен қатар Мәжіліс төрағасының орынбасары Павел Казанцев, Мәжіліс депутаты Елдос Абақанов «AMANAT» партиясының өкілдерімен бірге Нұр-Сұлтан қаласындағы «Заречный» тұрғын алабының тұрғындарымен кездесті. Онда талқыланған басты мәселе мектеп құрылысы туралы болды. Елорданың қарқынды дамып келе жатқанына қарамастан, Заречный алабында әлі күнге дейін мектеп салынбаған. №45 орта мектептің салынғанына 34 жыл болған. Бүгінде 400 баланы ғана қамти алатын мектепте 800-ге жуық бала білім алуда. «Кездесуде бірқатар қалалық, тіпті республикалық деңгейдегі мәселелер көтерілді. Қалалық деңгейдегі проблема – ол құрылыс, көшелерді кеңейту, коммуникациялық мәселелер және т.б. Барлық мәселелерді жазып алдық, бақылауға аламыз», – деді Мәжіліс вице-спикері Павел Казанцев.
Мәжіліс төрағасының айтуынша, тұрғындар тарапынан көтеріп жатқан сұрақтардың басым бөлігі жергілікті атқарушы органдардың деңгейінде шешілетін мәселе. Өз кезегінде Елдос Абақанов: «Ең көп көтерілген сұрақ - «мектеп қашан салынады?». Мектеп бұл ауданға әрине жеткіліксіз, одан бөлек мектепалды даярлық класстарында жауып тастаған. Біздің мақсат – барлық проблемаларды тікелей естіп, олардың шешу жолдарын ойластыру. Әр сұрақ бойынша жеке-жеке жұмыс жасайтын боламыз. Кездесу аясында айтылған және олардың шешу жолдары бақылауға алынатын болады», – деді.
Тұрғындар депутаттарға аудандағы салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің саны мектеп пен балабақшаларға сай болуы керек деген пікірлерін айтты.



Соңғы жаңалықтар