Мәжіліс депутаттары несие рақымшылығын жасауды ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Азамат Әбілдаев қаржылық қиындыққа тап болған адамдарға несие рақымшылығын жасауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан халқының банктер алдындағы берешегі күн санап артып бара жатыр. Қазіргі уақытта, халықтың 27 пайызы банктердің алдында борышкер. Бүгінде ел тұрғындарының ипотекалық несие бойынша берешегі 2,716 трлн теңгеге жетіпті. Тұтынушылық мақсаттарға алынған несие 5,19 трлн теңге болса, мерзімі өткен берешек 199 млрд теңгені құрап отыр», - деді А. Әбілдаев Үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Осы орайда ол елімізде заңды тұлғалардың банкроттығы туралы заңы бар екенін, бірақ жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жоқ екенін атап өтті. «Ақ жол» партиясының депутаттары бұған дейін де «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасы керек деп жүргеніне он шақты жыл болды. Бұл бастаманы сол кезде Қаржы министрлігі іліп әкеткенімен, осы күнге дейін үнсіз қалып отыр.

«Ал енді қылмыс жасап сотталғандарға рақымшылық жасап отырған мемлекетке қандай да бір оқыс оқиғаға ұшырауының салдарынан қаржылық қиындыққа тіреліп отырған азаматтарымызға неге қамқорлық жасамасқа?! Олар да біздің қоғамымыздың бір бөлшегі емес пе? Неге оларға да рақымшылық жасамаймыз?», - деді депутат.

«Ақ жол» партиясының депутаттары қандай да бір оқыс оқиғаға ұшырауының салдарынан қаржылық қиындыққа тіреліп отырған азаматтарымызға Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасауды, Парламенттің қарауына «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасын енгізуді, коллекторлық компанияларды тізгіндеуді сұраймыз», - деді Азамат Әбілдаев.


Соңғы жаңалықтар