Мәжіліс депутаттары Мұнайлы ауданында болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаттары М.Чирков, А.Тасболатов, Б.Ізмұхамбетов және А. Мурадов Маңғыстау облысының тұрғындарымен кездеcті. Бұл туралы ҚазАқпарат Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Депутаттар облыстағы сапарлары барысында Мұнайлы ауданының Қызылтөбе ауылындағы «Шлюмберже» мега-базасының жұмысымен танысты.

Халық қалаулылары Жолдаудың басым бағыттарына, оның ішінде әлеуметтік қамсыздандыру саласына баса назар аударды. Атап айтқанда,  зейнетақы, жалақы, денсаулық сақтау, білім беру салаларының қолжетімділігін арттырып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ерекше мән берілді.

Шлюмберже компаниясы әлемнің 80-ге жуық елдерінде істейтін, 140 түрлі ұлттан тұратын 100 мыңға жуық жұмыскерлері бар дүниежүзілік ірі мұнай саласындағы қызмет көрсету корпорациясы. Шлюмберже сейсмикалық ақпарат пен формацияның дамуы процесі, ұңғы тесті мен тура бұрғылау, ұңғы цементтеу мен қоздыру, жасанды көтеру, ұңғыны аяқтау және консалтинг, бағдарламалар мен ақпаратты басқару сияқты кең ауқымды өнімдер мен қызметтер ұсынады.

 Бүгінгі таңда компанияның Маңғыстау облысындағы базасында 300-ге жуық адам еңбек етуде.

Кездесуде еңбек ұжымы халық қалаулыларына өз-ұсыныстарын білдіріп, пікір алмасты.

Сонымен қатар бүгін Мәжіліс депутаттары Серік Үмбетов, Бақытжан Ертаев, Зағипа Балиева, Нұрлан Дулатбеков, Жексенбай  Дүйсебаев Алматы облысындағы сапарлары барысында Талғар ауданындағы Кеңдала ауылының тұрғындарымен кездесті.

Кездесудің басты мақсаты - Мемлекет Басшысы Н.Назарбаевтың халқына арналған Жолдауын халық арасында кеңінен насихаттау және түсіндіру.

«Биылғы Жолдау осыған дейін жүзеге асырылып жатқан стратегиялық бастамалардың заңды жалғасы. Халқымыздың әл-ауқатын, тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған өзекті мәселелер нақты шешімін табатын болады. Яғни, әр отбасының, әрбір адамның жағдайын, тіршілік ортасын жақсартуға арналған. Елбасының дәстүрлі Жолдауында білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлікті дамыту, сыбайлас жемқорлықпен күрес, құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіру, мемлекеттік қызметтің тиімділігін көтеру сияқты күнделікті өмірдегі мәселелерге ерекше мән беріліп отыр», - деді депутат Нұрлан Дулатбеков.

Кездесуде Талғар қаласындағы №1 орта мектеп директоры Замзагуль Мушрапилова ұстаздар қауымының беделін көтеруге қатысты пікір білдірсе, ауыл жастары да «Жастар жылына» байланысты келер жылға жоспарланған шаралар туралы айтты. 

- Елбасы Жолдауының әр тармағы халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеріп, табысы мен тұрмысын жақсартуға бағытталған. Біз бұл жұмысты бірлесіп жасауымыз керек. Ауыл тұрғындарының әлеуетін көтеру, жастарға демеу көрсетіп, болашағына дұрыс бағыт-бағдар берсек қана, егемен еліміздің тұғыры бекем, тіршілігі бейбіт болмақ. Елбасы ұсынған «Ауыл - ел бесігі» жобасы Кеңдала ауылының тұрғындарының көңілінен шықты. Біз жоба аясында келер жылға қойған мақсат міндеттеріміз көп, азаматтарымыздың қолдауы да бар, - деді Кеңдала ауылының әкімі Алмас Өмірзақов.

Ауыл тұрғындары бірқатар өзекті әлеуметтік мәселелерді көтеріп, айтылған барлық ұсыныс-пікірлер Мәжіліс депутаттарының назарына алынды.

Осы күні Мәжіліс депутаттары Г. Бижанова, В.Қайназаров, К.Мұсырман және Б. Смағұл Жамбыл облысындағы Мойынқұм, Қордай, Шу аудандарын аралап, ауылдардағы түйткілді мәселелермен танысты.

Жамбыл ауданы, Аса ауылындағы «Жастар ресурстық орталығында» аудан жастарымен кездескен депутаттар жастарға арналған «Бастау - бизнес», «Қолжетімді баспана  «7-20-25» бағдарламалары туралы айтты.

Мәжілісмендер Жолдаудан туындаған жаңа міндеттер жөнінде жастармен пікір алмасса, өз кезегінде аудан жастары ауылдық округтегі жастар ісі жөніндегі нұсқаушылардың қысқаруы мүмкін екендігіне алаңдаушылық білдіріп, аудандағы жастар саласына қатысты туындап отырған біршама мәселелерді көтерді. 

Жамбыл облыстық «Жас Отан» Жастар қанаты төрағасының орынбасары Б. Далабаев жастардың ішінде әлсіз топтар, мүгедектер, жетімдер бар екеніне, олардың қолдауды қажет ететінін, жастардың төмен айлыққа келмейтініне, бір күндік табыспен өмір сүріп жатқанын және осы сияқты басқа да өзекті мәселелерді айтты.

Жастарды толғандырған бұл сауалдарға Мәжіліс депутаттары жан-жақты жауап беріп, аталған ұсыныстарды Парламент қабырғасында көтеріп, назарларына алатындарын жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар