Мәжіліс депутаттары көтерме-тарату орталықтарын құру мәселелерін талқылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті 7-8 қазанда Қарағанды облысында «Көтерме-тарату орталықтарының желісін құрудың және дамытудың өзекті мәселелері» тақырыбында көшпелі отырыс өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жұмыс сапары барысында депутаттар «Global City» көтерме-тарату орталығы, «Астра-Агро LTD» элиталық тұқым өсіру шаруашылығы, «Шанс» шаруа қожалығында болып, олардың аграрлық өнеркәсіп кешені саласындағы озық қызметімен танысты», - делінген Мәжіліс баспасөз қызметінің мәліметінде.

Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында ұйымдастырылған комитет отырысына депутаттармен қатар, Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктерінің, сондай-ақ Қарағанды облысы әкімдігінің өкілдері, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер қатысты.

Комитет отырысында көтерме-тарату орталықтарын құру және дамыту, сауда-логистикалық инфрақұрылымның артықшылықтары әрі оның әлеуетін агроазық-түлік нарығының барлық қатысушыларымен пайдалану мүмкіндігі мәселелері талқыланды. Отырысты ашқан Мәжіліс депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Е. Барлыбаев қазіргі коронавирустық пандемия жағдайында қазақстандықтарды әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен өзін-өзі қамтамасыз ету мәселесінің өзектілігін атап өтті.

Тақырыпқа қатысты баяндама жасаған Сауда және интеграция вице-министрі Е. Қазанбаев көтерме тарату орталықтары қай мерзімде салынатынына тоқталса, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ж. Өсербай бүгінде жұмыс істеп тұрған көтерме-тарату орталықтарының оң нәтижелері туралы баяндап берді.

Жалпы, отырысқа қатысушылар фермерлердің көтерме-тарату орталықтарымен өзара іс-қимыл тетігі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайтуға жағдай жасайтынын, делдалдық тізбектің байланыстарын азайтатынын, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға, жаңа жұмыс орындарын құруға және азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыруға қатысты мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін айтты. Іс-шара қорытындысы бойынша отырысқа қатысушылар уәкілетті органдарға көтерме-тарату орталықтарының желісін одан әрі құру және дамыту мәселелері тұрғысында тиісті тапсырмалар берді.


Соңғы жаңалықтар